«Тальго» жүрдек пойызының жүрісі жүрелеп қалды

Тальго жүрдек пойызына мінсе де межелі жеріне уақытылы жете алмай жүр.

Пойыздардың кестеден ауытқып, сағаттап кешігуі жиілеген. Жүрдек пойыз неге жүрелеп қалды? 

Алматыға үй ішімен қыдырып барған Саламат Болат желтоқсанның 21-күні Астанаға қайтпақ болады. Сөйтіп «Алматы-Орал» бағытындағы пойызға билет алады. Бірақ сағат 20:27 –де жүруі тиіс пойыз 50 минутқа кешіккен.

Саламат Болат,  қала тұрғыны:

- Ол кешігіп шыққаны аздай, мына Астанаға да 11-де келетін пойызымыз 1,5 – 2-ге таман келді әбден кешігіп. Кездесулерім бар еді мысалы сағат 13:00-де мен жоспарлаған. Енді осы себептермен кешкіге қарай ысыруға тура келді. 

Ал бұл дәл сол күні Астанаға бет алған  «Алматы – Петропавл» бағытындағы пойыздан көрініс. Бұл пойыз 6 сағатқа кешігіп келді. Дегбірі қашқан жолаушылардың айтарға сөзі, атарға оғы болмады.  

- Петропавлдан Омбыға баратын пойыздың билетіміз күйіп кетті. Ол билетті жарты бағасына ғана қайтара алдық. Кеше алдын ала таксимен де келіскен едік. Оның да уақыты өтіп кетті, қазір қайта такси іздеуге тура кеп тұр.

- Қазақтың тұңғыш спорт шебері Мәулі ағай қайтыс болған. Сол кісінің жаназасына асықтық. Бірақ қанша асықсақ жете алмадық. Жолсеріктерден мән-жайды сұрасақ, білмейміз дейді. Теміржол қызметі мүлде жұмыс істемейді. Олар бізге не болып жатқанын айтуы тиіс қой. Бұл олардың міндеті. Құдды партизандар сияқты, айтпайды ешнәрсе.

Бірі білсе, бірі білмес -  жолаушыларды осылай жолынан қалдырғаны үшін тасымалдаушы өтемақы төлейді. Компания тарапынан қандай да бір жағдай туындап, пойыз мүлде жүрмей қалса – онда билет құны толық қайтарылады. 

Мәди Мұхамедқали, "Жолаушылар тасымалы" АҚ ресми өкілі:

- Әрбір жолаушы  пойыз діттеген жеріне келетін кезде, немесе жіберілетін уақытынан бір сағаттан астам кешігіп жатса, екі жағдайда, яғни шығатын жағдайда және келетін жағдайда, онда әрбір жолаушы өзіне тиесілі жолаушылар тасымалының заңнамасына сәйкес, үш пайыз төлемақы әрбір сағаты үшін өзінің жаңағы билет құнының қайтарып алуға құқылы. 

Әрбір кешіккен сағаты үшін билет бағасының 3 процентін қосып есептеген соң, ақша кассадан қайтарылады. Ол үшін алдымен теміржол стансасының қызметкері қағаз билетке мөр басуы керек. Ал жүрдек пойыздың не себепті жүрелеп қалды дегенге мынадай жауап алдық. 

Жанат Қашқымбаев, магистральді желі дирекциясының эксплуатация жөніндегі атқарушы директоры:

- Техникалық тұрғыдан айтар болсақ, бұл біріншіден қарашада болған пойыздардың рельстен шығу оқиғасына байланысты. Жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болғандықтан Қарағанды бөлімінде жұп және тақ бағыттағы кестеде уақытынан кешігу болғаны рас. Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығы да себеп болған. Күн күрт суытқан еді. Алайда қазір бұл мәселе шешіліп, теміржол қатынасы әдеттегі кестеге қайтып оарлып жатыр.     

"Инфрақұрылым тұрғысынан еш мәселе жоқ", - дейді Қашқымбаев мырза. Дегенмен, жолаушылар пойызының кешігуіне басқа да себептің барын аңғартты.

Жанат Қашқымбаев  магистральді желі дирекциясының эксплуатация жөніндегі атқарушы директоры:

- Негізі жүк тасымалына жауаптылар түсініктеме берген дұрыс болар еді. Өйткені пойыздарды реттеуде біраз сауал туындайды. Бірақ бұл уақытша мәселелер, жалпы біз кешігу жөнінен қазір біртіндеп қалыпқа келіп жатырмыз. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Темір жолмен жүк тасымалдаудағы іркіліс жолаушылар пойызының қатынасына тұсау болған көрінеді. Дегенмен жүрдек пойыздарың кешігуі уақытша құбылыс екенін айтып сендірді, тасымалдаушы компанияның маманы.

Бақыт Топтаева, Артур Горшняков, Серік Қоңырбаев, Самат Сүлейменов