Ақтөбе облысындағы ауылда белсенді қарттар саны артқан

Ақтөбе облысының Бадамша ауылында түрлі жаттығу жасап, іс-шараларға қатысуды әдетке айналдырған егде жастағы зейнеткерлер қатары артқан.

Олар таза ауада серуендеп, йогамен айналысуды тіпті, ақыл-ойды дамытуды күн тәртібіне қойған. Ата-әжелердің мұндай әрекеті ауылда «белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылғаннан кейін күрт көбейіпті. Әр күнін қимыл-қозғалыссыз өткізбейтін қарттармен біздің тілшілеріміз кездесіп қайтты.

Саналы ғұмырын сауда-саттық саласына арнаған Талшын әжей соңғы 4 айдан бері белсенді өмір сүруді әдетке айналдырған. Әр күнін түрлі дене қозғалысына бағытталған жаттығу жасаумен өткізеді. Әсіресе, ұзақ жүруді және массаж жасатқанды жақсы көреді. Көп оқып, ойлау қабілетін арттыратын шахмат және дойбы ойнағанды да ұнатады.

Талшын Сисенбаева, Бадамша ауылының тұрғыны: 

-Үйде құр отырғаннан мұнда келіп, бір-бірімізді көріп  бәріміз бір адамның баласындай болып кеттік қазір. Тату болып кеттік. Түрлі-түрлі ойындар ұйымдастырып жатыр. Соның бәріне қатысып жатырмыз. Біреулерінен бірінші орын алып жатырмыз, біреулерінен екінші орын алып жатырмыз. Күшті.

Талшын әжей секілді қазір бұл «белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» 80-нен аса ата-әже тұрақты келіп жүр. Ең жасы 50-ден енді асса, үлкені 84 –те. Ал, мұнда олардың уақыты бос өтпейді. Скандинав жүрісі, йогамен айналысып, массаж жасатып, түрлі ойын өткізіледі. Ән айтып, би де билейді. Өзара жарыс ұйымдастырып, байқауда бақ сынап жарысады. Тіпті аудан көлемінде өткен мерекелік шараларда жүлделі орын алғандары бар.  

Тәрбия Қазбаева, Бадамша ауылының тұрғыны:

-Үйде отырғанда деген не істеріңді білмейсің ғой. Басың ауырады. Мұнда келгенде бар ауруыңды ұмытып кетесің. Мен даже иогаға, серуендеуге қатысқаннан кейін арықтадым да. Сосын мұнда деген өлеңімізді айтамыз отырып. Осында жаңағы алдында "Шоу талантов" болды, одан кейін веселый старт та болды. 

Ұлболсын Қалмағамбетова, Бадамша ауылының тұрғыны:

-Аяғым ауыратын еді, аяғым жазылып жатыр. Шамалы жауырындарымыз, сүйектеріміз ауыратын еді. Жазылып жатыр. Жақсымыз қазір. Массажға барамыз, сол массажбенен сол йога бізге көп жәрдем береді.

Мұнда келіп жүрген қариялардың барлығында да немере тіпті, бірқатарында шөбере де бар. Оларға көңіл бөлуді де ұмыт қалдырмас үшін бірі осында түске дейін, енді бірі түстен кейін келеді. Ал орталықтың ашылып, сапалы қызмет көрсетуі үшін әкімдік 17 млн теңге бөлген. Соның нәтижесінде қарттарға қызмет ететін мамандарды оқытқан.

Арыстан Мұқан, кәсіпкер:

- Алғашқы кездері қариялардың мүлде белсенділігі байқалмады. Келіп қатысуға да аса көңіл бөлмеді. Кейін қызығушылығы артты. Жақында мерекелік кеш өткізгенде олардың мүлде басқа күйде екенін байқадым. Бұрыңғыдай емес, өмірге деген ризашылығы, белсенділігі көрінді. Енді, әрі қарайда жұмыстың жалғасуын тілейді.

Қарттарға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы облыста алғаш рет осы Бадамша ауылында ашылды. Өңір көлемінде әлі де көп емес.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев