Арқалық қаласында бірнеше әлеуметтік нысан күрделі жөндеуді қажет етеді

Әсіресе жергілікті мәдениет үйі мен спорт кешенінің жағдайы мүшкіл. Осы 2 ғимаратты қалпына келтіруге шамамен 1,5 миллиард тенге қаржы қажет. Былтыр оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мынау – Арқалық қаласының мәдениет үйі. Ресми атауы солай болғанымен, ат қорадан айырмашылығы жоқ. 1973 жылы салынған ғимараттың қазіргі күйі шынымен аянышты.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Арқалық қаласының мәдениет үйі 10 жылдан астам қаңырап бос тұр. 7 мыңнан астам шаршы метр аумақты алып жатқан үлкен ғимарат азып-тозған. Мынау кірпіштері түсіп, қабырғалары құлап жатыр. Жергілікті өнерпаздар жеке мәдениет үйі болмағандықтан, басқа орындарды сағалауға мәжбүр.

Жанат Қосұлбаева, Арқалық қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Біз қиналып жүрміз. Бүкіл іс-шараларды театрда өткіземіз. Олардың өздерінің жұмыс жоспары бар ғой. Сосын 300 орындық болса, адамдар сыймайды. Болмайды, бізге жеке мәдениет үйі керек.

Мәдениет үйін толық қалпына келтіру үшін 1,5 миллиард тенгеге жуық қаржы қажет. Қазір оның жобасы мемлекеттік сараптама қарауында жіберілген.  

Марат Сейітмағанбетов, бапкер:

- Қазір 5 градусты көрсетіп тұр. Осындай салқын аяз күндері желмен болған кезде 3-4 градусқа дейін түсіп кетеді. Біздің 1-ші сменаның он жастағы балалары таңертең сағат 8-9-да келеді. Сондықтан дайындалу үшін футболка емес, спортивка кигіземіз, қалың шапочка киеді. Өйткені температура дайындалуға келмейді.

Бұл – 15 жыл бұрын салынған спорт кешені. 6 спорт түрінен 700-ден астам бала осында жаттығады. Алайда қыс мезгілінде үзілістер жиі болады. Өйткені суық күндері спорт кешенінің іші азынап кетеді. 

Сержан Ырысмамбетов, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы:

- Біріншіден, жылу жүйесін ауыстыру керек. Сосын жан-жағын, барлығын қайтадан бітеу керек. Сосын темір терезелердің барлық резеңкелері отырып қалған. Оны қайтып бұзып, қайта салып, ауыстыру керек.

Ғимараттың есік, терезесін қымтап, жылу жүйесін ауыстыруға шамамен 63 миллион тенге керек. Биыл бұл мәселе оң шешілетін түрі бар. Одан бөлек, бірнеше жабық спорт кешенін салу жоспарланып отыр.

Айтжан Мәліков, Арқалық қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Арқалық қаласының кешенді даму бағдарламасы бойынша бізде 25 жылға дейін жоспарымыз бар. Родина тірек ауылының 3 мың халқы бар, сол жерде 1 спорт кешенін, Ашутас ауылында дәл сондай форматта 1 спорт кешенін салу және қалада да салу. Міне, осы үш кешенді сұрап отырмыз.

Ал мәдениет үйі қалпына келтірілсе, онда да бірнеше спорт секциясын ашу көзделіп отыр. Одан бөлек, мұнда 40 шақты шығармашылық үйірме жұмыс істейтін болады.

Авторлары:Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг.