Петропавлда қоқыс жаңа жылдан бері шығарылмаған

Оңтүстік өңірдің өзі алай-түлей болып жатқанда, солтүстіктегілердің не жаны қалды дерсіз? Петропавл қазір үйренген қар емес, қоқыспен әлек. 

Тұрмыстық қалдықтар жаңа жылдан бері дұрыстап шығарылмаған.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, күннің суығында мердігер мекеменің техникалары сынып қалған.

Бұл қаланың шеті емес, қақ ортасы. Көпқабатты тұрғын үйлердің алдында орналасқан қоқыс жәшіктері, міне, аузы – мұрнынан шашылып жатыр. Иісі де қолқаны қабады.

Қазір әр аулада осындай көрініс. Біз болған мекен – жайларда бірде – бір бос жәшік болмады. Сондықтан тұрғындар қоқысты осылай жерге қойып кетуге мәжбүр. 

Николай Динисов, қала тұрғыны:

- Жаңа жылдан бері шығармай жатыр. Міне, жәшіктер толып тұр. Айналасы да солай. Аяқ алып жүру мүмкін емес.

«Шашылып жатқан қоқысқа ит – құстар да қаптап кетті», - дейді тұрғындар. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Ал қалдықтар үсті – үстіне үйіліп жатыр.

Иван Козленко, қала тұрғыны:

- Экологтар қайда қарап отыр? Керек емес кезде жетіп келеді, ал осындайда төбе көрсетпейді. Қоқыс шығаратын кәсіпорындар неге жауапқа тартылмайды?

Қалада қоқысты 4 ұйым шығарады. Қазір біреуінің екі бірдей техникасы сынып тұр. «Сондықтан олардың жөнделіп шығуын күту керек», - дейді әкімдік қызметкерлері. Ал оған тариф мұрша бермейді.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Бізде қоқыс шығарудың тарифы қала бойынша 6 жылдан бері көтерілген жоқ. Кесірінен жаңағы компаниялар техниканы жаңартуға не болмаса оны жөндеуге мүмкіндіктері болмай отыр. Бүгінгі таңда одан бөлек тұрғындар тарапынан қарызы бар. Жалпы қала бойынша барлық 4 компанияға 20 млннан қарыз.

Жақында тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімінен «жаңа жылдан кейін далаға шырша лақтырған тұрғындарға айыппұл салынады» деген ескерту жасалды. Ал қоқыс шығармаған ұйымдарға биылға бірде – бір хаттама толтырылмаған.