Көлігіңіз аязға дайын ба?

Бүгін Астана, Өскемен, Семей, Риддер, Ақтөбе, Жезқазған, Балхаш, Теміртау, Қарағанды қалаларында қолайсыз ауа райы сақталады. «Қазгидрометтің» мәліметі осындай.

Қоян жылының алғашқы күндері жылы болғанымен, екінші аптадан бастап қыс қаһарына мінді. Елдің басым бөлігінде аяз күшейіп, ауа температурасы 40 градустан төмендеді. Сарышұнақ аяз көлігі сыртта тұратын жүргізушілерді сары уайымға салады. Себебі қатты суықтан көлігі қатып, қара жаяу қалғандар көп.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Дәл қазір аулаға шығып, қай жаққа қарасаң да көлігін оталдыра алмай жатқан ел. Жұрттың дені таң сәріден жұмысқа асығады. Бірақ сырттағы көлік сіресіп қалған. Мұздаған техниканы қанша төмпештесең де міз бақпайды. Енді не істейміз?

Ең қауіпсіз жолы – техниканы сүйреп, жылы тұраққа апару немесе арнайы маманның көмегіне жүгіну.  Қазір олардың жұмысы қызып тұр. Сұраныс жоғары болған соң, қызмет ақысы да шарықтады.

Сенім Бәкірғалиев, автоэлектрик:

- Күніне көп тапсырыс түседі. Бірақ бәріне бара алмаймыз. Бір күнде 8-10 машина оталдырамын. Қызмет ақысы аяз кезінде қымбатырақ болады енді. 20 градустан көп асса, 15 мың аламыз. 30-дан асса, оған тағы бір 5 мың қосамыз. Өйткені біздің де еңбегіміз бар. Сыртта жүреміз. Далада жүреміз. Негізі біздің басқа қалыпты жұмысымыз бар. Осындай суықтар болған кезде қазақта «калым» дейді ғой. Сол сияқты «калымға» шығып жүреміз.

Манатбек Мукенов, қала тұрғыны:

- Азанда менің көлігім, сосын ана жерде бір машина, мына жерде бір машина оталмай жатқанын көрдім. Бір-біріне көмектесіп, сөйтіп оталдырып кетіп жатты. Жаңа «пушкамен» келіп, қыздырып кетті.

Қатқан техниканың қыздыруды өзім білемдікке салатындар жоқ емес. Бірақ көбі көлігін өртеп, өкініп қалады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда, жылда осындай бірнеше дерек тіркеледі. Мәселен, биылғы қыс түскелі елде жалпы саны 379 көлік өртенді. Соның 20% жүргізушінің отты орынсыз пайдалануы себеп болған.

Бекболат Мәулен, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің маманы:

- Облыс тұрғындарының автокөліктерін ашық өртпен қолдауны және ашық өртпен қыздыруынан көп жағдайлар болып жатады. Автокөлік жүргізушілері өрт сөндіргіштерін автокөлік түпкіріне тығып тастайды, содан бізде автокөлікті уақытылы өшіре алмай қалу себептері болады. Сондай-ақ автокөлікке сымдарды, аксессуарларды орнатқан кезде арнайы мамандандырылған мамандарға жүгінгендеріңізді сұраймыз.

Сарышұнақ аязда әуре-сарсаңға түсіп, шығынданбау үшін қыс алдында қам жасау керек. Мамандар мен тәжірибелі жүргізушілер мынадай кеңес берді.

Сенім Бәкірғалиев, автоэлектрик:

- «Расходниктерді» ауыстыру керек, аккумулаяторды дұрыс қуаттау керек. Машина ескі болғаннан кейін олар да әсер етеді. Мотордың компрессиясы болады. Компрессиясы дұрыс болмаса, сол кезде де оталмай қалады.

- Толық тексеріп қысқа дайындау керек қой жалпы. Сосын жиі қыздырып тұру керек түнде.

- Көлікті түнде қыздырып отыру керек. Майын уақытында қыстыққа айырбастау керек.

Қыс ортадан ауған жоқ. Аязды күндер әлі де болады. Сондықтан қам жасаңыз  жүргізуші.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Ақылбек Есімсейітов.