Павлодарда жылу желілерінде болған апат жойылып жатыр

Түн мезгілінде құбыр жарылып, жер астынан ыстық будың атқылағанын, тұрғындар таспаға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеген еді.

Оқиға орнына шұғыл жеткен апаттық бригада, екі көпқабатты тұрғын үй мен жекеменшік секторда 4 үйді жылудан ажыратты. Желілерді қатырып алмас үшін зақымданған жер арқылы жылу бірнеше рет беріліп тұрды. Үйлерде температура қалыпты деңгейде. Жұмыс, түні бойы жалғасты. Биылғы қыс Екібастұздың ғана емес, облыс орталығындағы жылу желілерінің де берік-тігін сынап жатыр. Жылу маусымы басталған кезден бері Павлодардың оңтүстік бөлігінде 197 рет құбыр жарылыпты. Ал солтүстік аймақта оннан аса ақау анықталған.

Павел Плетков, Жылу желілері кәсіпорыны бас инженерінің орынбасары:

- Жылу желілеріндегі  ақау шыққан жерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Жарылған құбырдың диаметрі 108 мм, жалпы ұзындығы шамамен 15 метр. Жылу параметрлері сақталған. Ішкі жүйе қатқан жоқ.