2025 жылға дейін еліміздегі барлық ауылға таза ауыз су жеткізіледі

Сонымен қатар сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін елді мекендерде 800 нысан салынбақ. Бұл жайында ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

Ауылдарды дамытудың 5 жылдық бағдарламасы таныстырылып, 5 облыс өкілдерімен семинар кеңес өтті.

Жамбылда өткен семинар кеңеске Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарының мемлекеттік орган өкілдері мен бірнеше министрлік қызметкерлері қатысты. Елді мекендерді дамытудың 5 жылдық жоспарында апатты мектептерді жою мен денсаулық сақтау нысандарын салуға басымдық берілген. Сонымен қатар интернет, орталықтандырылған ауыз сумен қамту, жол жөндеу жұмыстары бар. Бүгінде ауылдықтардың орташа табыс мөлшері 40 мың теңгеден сәл-ақ асады. Сондықтан әлеуметтік жағдайды түзеу үшін кооперативтерді құру жайы талқыланды. Бұл бағытта мемлекеттен 1 трлн теңгеден аса қаржы бөлінбек.

Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлтық экономика министрінің орынбасары:

- Жамбыл облысында жақсы жоба, яғни ауылдардың кооперацияларға, кооперативтерге бірігуге азаматтардың, үй іргесіндегі жерлерін игеруге қатысты жақсы тәжірибесі бар. Осы концепция, тұжырымдардың аясында біз, Жамбыл облысының тәжірибесін Қазақстанның басқа да аймақтарына, әр өңірдің өзінің бейімділігіне қарай тарату мақсатында қойып отырмыз.

Кеңестен соң қатысушылар «Ауыл - ел бесігі» жобасының орындалу барысымен танысты. Мемлекеттік жобаның шарапатын Аса ауылы көріп отыр. Мұнда бұрын өнер мектебі болмаған. Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған нысан 2019 жылы күрделі жөндеуден өтті. Қазір жас өнерпаздар ошағында 1500 оқушы 11 үйірмеге қатысады. Жоба аясында аудан орталығында 594 млн теңгеге спорт кешені салынды. Сонымен қатар 1400 балаға арналған шығармашылық орталық ғимараты да қайта жаңғыртылды.

Ерлан Қыдыралыұлы, Жамбыл ауданының әкімі:

- Аудан бойынша 76 ғимарат, оған 3,6 млрд теңге мемлекеттік қаражат жаратылды. Соған қазір қолданысқа, пайдалануға берілді. Біз осымен қосымша тағы биылғы жылы да бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Бізде 5 ауылда өтпелі кезеңде мынау физкультуралық оздоровительный комплекс дейміз, кешен. Сол салынып жатыр. 43 жоба биылғы жылға 1,6 млрд теңгеге.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы өңірде жемісті іске асып келеді. Семинарға қатысушыларға, пилоттық жобаға қатысып, тұрмысын тіктеген тұрғындардың кәсібі мысал ретінде көрсетілді. Бүгінде өңірдегі 14 ауылға 2,5% жеңілдетілген несие берілген еді. Биыл олардың саны еселеп артпақ. Республикалық бюджеттен бөлінген 11,5 млрд теңгеге 20 ауылдың тұрғыны кәсіп ашқалы отыр.