Қостанай облысында мал қыстауы қалыпты болып тұр

Арқа қысы биыл адуынды. Әсіресе қаңтар айы мал баққан жандарға қиынға соқты. Бірнеше күн бойы соққан боран, одан кейін сарышұнақ аяз біраз әбігерге салды.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қостанай облысында әзірге төрт түліктің шығыны тіркелмеген. 

Торғай Құрмағамбетов басқаратын щаруа қожалығының иелігінде 100-ден астам ірі қара, 80-ге жуық қой, бірнеше бас жылқы бар. Биыл Арқалық қаласының маңындағы ескі баздардың бірін жөндеп, малдың бір бөлігін сонда қыстатып отыр. Есебі бойынша жем-шөп жетуге тиісті. Алайда қыс аяғы созылып кетсе, қолдағы қоры аздық ете ме деген күдігі де бар.

Торғай Құрмағамбетов, шаруа қожалығының басшысы:

- Қыс созылып бара жатса, шөптің рулоны 15 мыңнан болып кетеді. Солай сатып аламыз. Өзіміздікі таусылған кезде алыс аудандардан сатып аламыз. Өзіміздің жинағанымыз жетіп жатса, шүкір дейміз. Ал қыс созылса, жетіспей қалады. Үкіметтен көмек сұраймыз.

Арқалық қаласына қарасты шаруашылықтарда биыл 25 мың ірі қара, 37 мың ұсақ мал қыстауға қойылған. Соның мың жарымы бордақылау алаңында. Өткен жылға қарағанда өсім бар. Ендігі міндет - сол қолдағы малды жүдетпей, қыстан аман алып шығу.

Айдын Жұмашев, Арқалық қаласының Ауыл шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:

-  Арқалық қаласы бойынша 93 мың тонна шөп қамтамасыз етілді. 55 мың тонна солома, оның сыртында бидай, арпамыз бар. Егер де қыс созылып кететін болса, ұсақты шаруа қожалықтарында азық бітіп қалатын жағдай болып жатса, соған резервке дайындап қойған ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріміз бар.

Ал облыс бойынша қыстауда 450 мыңнан астам ірі қара тұр. Былтыр жем-шөп молынан дайындалды. Сондықтан өткен жылғыдай азық тапшылығы болмайды деп сендіріп отыр ауыл шаруашылық басқармасындағылар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг