Павлодар облысында Отбасы кабинеті ашылды

Павлодар облысының полицейлері отбасылық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу үшін кешенді іс-шараларды бастады.

Биыл зардап шеккендермен және заңбұзушылыққа жол берген азаматтармен психологиялық жұмыс көбірек жүргізіледі. Аймақ орталығында әкімшілік заңбұзушылықтар үшін уақытша қамауға алынғандарға арналған қабылдау орнында Отбасы кабинеті ашылды. Мұның нәтижесі қандай болмақ?  

Павлодар қаласының 54 жастағы тұрғыны отбасылық кикілжің үшін уақытша қамауға алынды. Қазіргі уақытта арнайы қабылдағышта. Азамат кей кездері ішімдікке салынатынын жасырмады. Зиянды әдетімен күресу үшін психологтің көмегіне жүгінген. 

Мақсат – отбасындағы мәселелерді анықтап, психологиялық қолдау көрсету. Жанұя ішіндегі келіспеушіліктерге екі тарап та кінәлі. Мамандардың айтуынша, отбасылық проблемалар қаражаттың жоқтығы, жұмыссыздық, ішімдікке салыну салдарынан туындайды. 

Мәдина Бағаева, Дағдарыс орталығының психологы:

- Агрессорлармен жұмыс істеу керек. бұл кісілерге де үлкен психологиялық көмек керек. бұл адамдар өздері талап қойса, мақста қойса, шешім қабылдаса, бұл кісілердің өмірге деген сенімдерін келтіріп, өзгертулеріне болады. 

Полиция департаментінің арнайы қабылдағышында 82 адам отыр. Басым бөлігі жүргізуші құқығынан айырылғандар. Осы жерге жиі түсетіндердің бір бөлігі отбасылық жанжалдарға түрткі болғандар. Бүгінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны 10-нан асқан. 

Бақытжан Тұрсаринова, қалалық Полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:

- Отбасындағы құқыққар қарсы әрекеттер, сонымен қатар, 73-1 бап, жаңағы азаматшасына жеңіл дәрежеде қасақана зиян келтіру, сонымен қатар, 73-2 екінші бап, ол ұрып-соғу бабы бар. Бүгінгі күні 350-ге жуық әкімшілік бұзушылықтар орын алып отыр.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласы бойынша жайсыз отбасылар есебіне 20-дан жанұя алынған. Олардың барлығы полицейлердің жіті бақылауында. Тұрақты рейдтер мен тексерістер жүргізіліп келеді. Енді сапалы психологиялық көмек те қолжетімді болмақ. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков