Атырау қаласының көшелерін қалың қар басты. LIVE

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан, кеше бірнеше шағын аудан мен қала іргесіндегі ауылдарда, жарық уақытша сөніп, қайта қалпына келтірілді.

Өткен аптаның жұма, сенбі күндері Атырауға қар жауып, тұрғындар мәз болып еді. Қалаға кеше тағы да қалың қар түсті. Тіпті боран соғып, кей ықшамаудан мен қала іргесіндегі ауылдарда жарық уақытша сөніп, кейіннен қайта қалпына келді. Қала іргесіндегі Дамбы, Жаңаталап, Еркінқала ауылдарына қатынайтын жолдар қазір тазартылуда. Таңмен таласып, жұмысқа асыққандар діттеген жеріне қоғамдық көлікпен жетуде. Жаңа жергілікті уақыт бойынша сағат 10:30-да облыс басшысының төрағалығымен жиын басталды.

Мейірім Қалауи, қала әкімі:

- Бұл – жасыратыны жоқ соңғы 6-7 жылда Атырауда жауып тұрған қардың көлемі осындай көлемде. Қазіргі таңда 76 техника қала бойынша жұмыс жасап жатыр. 2000 кубтан астам қар шығарылды. Жұмыстар жалғасады.

Кеше облыс әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайдың өз бақылауында екенін жазып, қосымша техниканың тартылғанын жеткізген еді. Жауаптылардың сөзінше техника мен қажетті қол күші жеткілікті. Облыс әкімі бүгінгі жиында жағдайды жедел ретке келтіруді тапсырды.

Айта кетейік, қазір мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтан оқуға көшті.