Алматыдағы «Медеу» паркі мен Экология басқармасы басшыларының жемқорлық әрекеті анықталды

Табиғи парк аумағында электр көліктерінің жүрісін шектеп, кәсіпкерлерден пара алған.

Жемқорлыққа қарсы қызмет Алматыдағы «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мен Экология басқармасы басшыларының жемқорлық әрекетін анықтады.

Алматы қаласының тұрғыны Берік Ажмағамбетов жолаушыларды Шымбұлаққа тасымалдау үшін электромобиль алып, экологиялық бекеттен кедергісіз өту үшін арнайы сайтта тіркеуден өткен. Алайда, «Медеу» паркінің басшылығы кәсіпкерге заңсыз талаптарды сылтау етіп, «шлагбумнан» өткізбей қойыпты.

Берік Ажмағамбетов, кәсіпкер:
- Электромобиль алған уақытта да такси жасауға қақыларыңыз жоқ,-деп айтты. Күніне бір-ақ рет өтіп, бір-ақ рет түсесіз деп заң бойынша деп айтқан негізі. Меморандум Медеу паркі мен Экология басқармасы солардан кедергі болды. Меморандум толтыру керек және кәсіпкерде парк ашарда бір емес бірнеше машина болу керек болды.

Меморандум мәселесі көптеген электр көлігі бар кәсіпкерлердің табысына тежеу салған. Қалада электр көлігімен жолаушы тасымалдайтын 48 кәсіпкер тіркелген. Соның төртеуі ғана «Медеу» паркімен меморандум жасаған. Жемқорлыққа қарсы қызметтің Экология басқармасына жолдаған арнайы хатынан кейін негізсіз меморандум күшін жойды. Оған қоса, тексеру барысында өзге да пара алу фактісі анықталған.

Қанат Сәлімбаев, Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Жыл басынан бастап экология саласындағы лауазымды тұлғалардың тарапынан системді түрде пара алу фактілері анықталды. Экология саласындағы басқарманың орынбасарының тарапынан системді түрде 12 млн пара алған фактісі дәлелденіп, қазіргі таңда іс қозғалып, істер сотқа қарау үшін жолданды.

: Айта кетейік, қаңтар айында "Медеу" паркінің басшылығы пара алу барысында ұсталды. Күдікті санитарлық бұтау және ағаштарды кесу жөніндегі шарттар аясында орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 1,5 млн теңге пара алған. Қос мекемеге байланысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев