Қызылордада жаңа автобустар жолға шықты. LIVE

Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктер лек-легімен жаңарып жатыр. Өткен жылы 100 автобус жеткізіліп, 12 бағыт бойынша қызмет көрсете бастаған болатын. Осы ақпан айында тағы 50-ін қатарға қосу жоспарланған. Соның 24-і бүгіннен бастап жолаушы тасымалдауға кірісті. Жаңа көліктер жайлы ма? Жол ақысы өзгермей ме?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мен қазір қаланың орталығында адам нөпірі көп аялдамалардың біріне келдім. Жұмысқа, оқуға асыққан жандар әдеттегідей әртүрлі бағыттағы қоғамдық көліктерді күтіп тұр. Бүгін аяз да қатты екен. Дегенмен автобустардың жиі жүріп жатқанын байқап тұрмыз.

Қызылорда қаласы бойынша қоғамдық көліктер 34 бағытта қатынайды. Өткен жылы жеткізілген 100 автобус сол бағыттардың 12-сін қамтыды. Ал бірер күн бұрын жеткізілген 24 көлік нөмірі 15, 12-ші бағыттардағы ескі көліктердің орнын басты. Бұл темір тұлпарлар мүмкіндігі шектеулі жандардың арбамен мініп-түсуіне ыңғайлы. Бейнабақылау камераларымен, жылыту, салқындату құрылғыларымен жабдықталған және электрондық билет жүйесі де бар.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Осындай бір автобус күніне мың жолаушыға дейін тасымалдай алады. Жүргізушілер медициналық тексеруден өткеннен кейін таңертең сағат 5:30-дан кешкі 21:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Дегенмен тұрғындарды алаңдатқан бір сауал бар. Жаңа көліктермен бірге жол ақысы да қымбаттамай ма? Маманның жауабын тыңдайық.

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда осы автобустарда билет бағасы өз қалпында қалады, 90 теңгеден. Оқушыларға 40 теңгеден болып және электронды билетпен төленген жағдайда 85 теңге болады. Бізде қазір 34 бағытта автобустар жүріп жатыр. Халықтың сұранысына қарай тағы да қосымша бағыттар қосатын боламыз.

Сонымен бірге арнайы телефон қосымшасы арқылы өзіңіз күткен бағыттағы көліктің қай жерде келе жатқанын, қанша уақытта сіз тұрған аялдамаға жететінін бақылауға болады. Мамандар биыл мұндай жаңа автобустардың санын 300-ге дейін жеткізіп, қала бағыттарын 100% қамтуды көздеп отыр.