Үрмаш Түктібаев елді мекенін маңайдағы жұрт егіздер ауылы деп атайды

Өйткені Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты 300-дей отбасы тұратын ауылда 25 адамның өзі тектес сыңары бар. Олардың алды елуді алқымдаса, кішкентайы екіден енді асты.

Бұл ауылда егіздердің көп тууы 2 мыңыншы жылдары арта түсіпті. Ал осыдан 4-5 жыл бұрын үшемдер дүниеге келе бастаған. 

Ер мінезді Аружан сыңары Ғалымжанды өзгелерден әрдайым қорғап жүреді. Егіздің бірі белсенді, екіншісі тұйықтау болатыны табиғатта жиі кездеседі екен. 7-сынып оқитын бауырлардың қызығушылықтары да әртүрлі. Аружан жаратылыстану пәндерін, ал Ғалымжан қазақ тілі мен тарихты меңгеруге ынталы.

Шолпан Үсенова, сынып жетекшісі:

- Алдыңғы қатарда жүреді, қоғамдық ісшараларға белсенді араласады. Мен сыныпта отбасылық тәрбиелік мәні бар шараларды өткіземін. Сол шаралардың басы-қасында жүретін оқушыларымның бірі.

Ауылдағы білім ордасында 500-ге жуық бала оқиды. Соның 12-сі егіздер екен. Өткен күзде мектеп табалдырығын аттаған Ағжан мен Маржан 4 баладан кейін туылған. Екеуі барлық жерде бір-біріне бәсекелес. Қос бұрымды да сурет салып, билегенді ұнатады. Таңдайы тақылдаған қыздар тақпақты да жарыса айтады екен. 

Бағдагүл Дәрібаева, егіздердің анасы:

- Біреуі ауырса, біреу 2-3 күннен кейін ауырады. Өздері дайындалып отырады. Мама мен де ауырып қаламын ғой деген сияқты. Біріне-бірі ем жасайды, қамқор сондай. Бір-бірін өте жақсы көреді. Бірі сабаққа келмей қалса уайымдап тұрады артына қарап бармай қалды ғой деп.

Әке шырқауындағы әнге тербеліп отырған Айқант, Айғаным мен Асылым туыла салып анасына «Алтын алқа» алып берген. Екіден асып, аяққа мінген бүлдіршіндер 3 әпкесі мен ағасының кітап-дәптерін бүлдірумен айналысады. 8 баланың ата-анасы үлкен отбасыға айналғанымызға әрине марқаямыз бірақ баспананың тарлығы қынжылтып тұрғанын айтады.         

Әйгерім Махамбетжанова, үшемнің анасы:

- Осы 2 бөлмелі үйде тұрамыз. Залда екі қызым мен ұлым жатады. Қалғанымыз ана жақта. Балалардың жәрдемақысымен отырмыз. Аудан әкімі келіп тұрмайды. Сол босанғанда заттар әкеліп берді, одан кейін көмек болған жоқ. Баспана алуға ұмтылып көрдік, берілмейді деді. 

Бұл ауылдың келіндері неліктен егізден босанады деген сауалға аймақтың генетик мамандары жауап таба алмай келеді. Бір байқағанымыз көрші ауылдың келіншектері осы маңға арнайы келіп, түрлі жоралғылар жасайтын болыпты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев