Қызылорда облысы инвестиция тартудан көш бастап тұр

Сыр өңірі индустрия мен әлеуметтік салаға жеке сектордан қаржы құю бойынша республикада көш бастап тұр.

Аймаққа 400 млрд теңгеден астам қаражат тартылған. Негізінен Қызылорда облысында қала, аудан, ауыл әкімдерінің жұмысы өз өлкесіне инвестиция әкелу көрсеткішімен бағаланады. Межелі міндетті артығымен орындаған ауданның бірі – Қазалы. Мұнда инвестицияның басым бөлігі ауылдарды түлетуге бағытталған.

Өткен жылы 18 миллиард теңге инвестиция тартылған Қазалы ауданында құрылыс қарқын алып, 25 ірі өндірістік-сауда орталығы салынды. Одан бөлек демеушілер көмегімен ондаған әлеуметтік нысандар бой көтерді. Үрмаш Түктібаев ауылы тұрғындарының сұранысымен салынып жатқан спорт кешенінде ашылатын үйірмелерге жастар осы бастан тіркеліп жатыр. Сонымен қатар елді мекен шаруаларының өтініші бойынша егістікті суаратын 12 шақырымдық арна тазаланды.   

Олжас Ахметов, Алға ауылдық округінің әкімі:

- Халық ұсыныстарының бірі интернет жүйесі болса ол өз кезегінде орындалды. Елді мекен орталығына жоғары жылдамдықты интернет құрылып, пайдалануға берілді. Биыл ауылішілік 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Есепті кездесулерде аудан тұрғындарының негізгі сұрайтыны қазір ауылдарға газ тарту. Өткен жылы инвест жобалар аясында Қазалы қаласы мен Жалаңтөс батыр, Қ. Пірімов және Басықара ауылдары көгілдір отынға қосылып, тұрғындар көмірге тәуелділіктен құтылды. 

Назибек Баймахан, Жалаңтөс батыр ауылының тұрғыны:

- Жылда 10 тоннаға дейін көмір аламыз ғой суыққа байланысты. Қара суық қой бізде көбінесе. Ол көмір тапшы болады. Көп бейнетті көретінбіз. Енді қазір рахатты көріп отырмыз. 24 сағат сөнбейді газ, жақсы болды.

Кәсіпкерлердің қаражаты есебінен 5 елді мекенді газдандырудың жоба-сметалық құжаттары әзірленіп қойылды. Соныман қатар тағы төрт ауылға магистральды құбыр қазудың сызба-нобайы бекітіліп жатыр.  

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

- Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарына 3,8 млрд тг құрайды. Бұл құжаттарды республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсындық. Мүмкіндік болып жатса биыл Абай ауылын газдандыруға жұмыс жасаймыз.

Ағымдағы жылы ауданға 20 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қаржы негізінен ауыл жолдарын жаңғыртып, шалғай елді мекендерде жеке балабақша желісін қалыптастыруға бағытталмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев