Жетісу облысындағы бөгет құрылысы сәуірде аяқталады

Қорғас өзенінің жоғарғы сағасына салынып жатқан «Шұқырбұлақ» су бөгеті жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Қытай елімен шекаралас өзеннің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі жұмыстар сәуір айында аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі елге ортақ жобаның басты мақсаты – «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» нысандарын, қолда бар инфрақұрылымды және сол арадағы елді мекендерді сел және су тасқыны қаупінен қорғау.

Қорғас өзенінің қос жағалауында таудан етекке дейін шекаралық нысандар көбейіп, сауда, қарым-қатыныс арта түскен. Өзен аңғарында бірнеше су электр станциясы бар. Өзеннің арғы бетінде 300 мың адамға арналған қала салынып жатыр. Ал біздің бетте Алмалы және Басқыншы ауылдары бар. Халық көп шоғырланған аумақта сел жүру қаупі де жоғары. Қорғас өзенінің бастауында 35 мұзды көл бар. Соның төртеуі өте қауіпті екен. Осыған орай өткен жылы екі ел арасында келісімшарт жасалып, бөгет құрылысы басталған. Ұзындығы 500 метр, биіктігі 51 метрлік нысан екі елдің дәл ортасында орналасқан. Бөгет 10 млн текше метрге дейінгі суды тежей алады. Екі мемлекет ортақ қаржыландырған жобаға елімізден 27 млрд теңге бөлінген.

Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысы:

- Біздің мекемелер осы сәуір айының аяғында негізгі келісімшарт бойынша оны толығымен аяқтап, Қытай құрылыс компаниясына берілу керек. Бүгінгі таңда біздің тапсырыс бойынша ең негізгісі бұл – құрылыстың сапасы және уақытылы толығымен бітіру керек.

Жобаның екінші кезеңінде Қорғас өзенінің жағалауы бекітіледі. Өйткені 2010, 2015 жылдары өзен арнасынан асқан су елді мекенге жайылып, 2,5 млрд теңге залал келтірген болатын.

Владислав Горемыкин, жоба жетекшісі:

- Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2024 жылы аяқталады. Қазір бізде қаржыландыру бар. Жұмыс 80-85%-ке аяқталды. Біз негізінен жылдың ортасында қарқынды жұмыс істейміз. Өйткені қыста жер қатып қалатындықтан бірқатар кедергілер туындайды.

 «Қорғас-2» жобасының құны – 39 млрд теңге. Осының аясында өзеннің 42 шақырымы бетонмен бекітіледі. Сонымен қатар су деңгейін бақылау жүйесі орнатылады. Ал шекара тұсы бейнебақылау камераларымен жабдықталады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев.