Алматыда әуежайдың жаңа терминалы 2024 жылы пайдалануға беріледі

Алматы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалы 2024 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында әуе айлағының басшысы Альпер Ерсой мәлім етті. Жаңа терминалда бірінші кезекте азық-түлік, сусындар және кейбір қажетті заттарды сататын автоматтар орнатылады. Ең бастысы, әуежайдағы тауарлардың бағасы қаладағы бағамен теңесетін болады. Коммерциялық қызмет көрсету айтарлықтай жақсарады. Бұл жаңа терминалдың VIP аймағына да, қайта жаңғыртылған ескі терминалға да қатысты. Оны мемлекеттік және жеке авиацияның жолаушылары пайдаланады. Сондай-ақ, терминал қызметі толықтай автоматтандырылады. Атап айтқанда, жолаушылар арнайы автоматты құрылғылардың көмегімен төлқұжат және кедендік бақылаудан өте алады.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның ең ірі қаласының әуе айлағы үшін рекордтық жыл болды. Әуежай 7 миллион жолаушыға қызмет көрсетті.

Альпер Эрсой, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті:

- Жаңа терминалда біз Қазақстанның мәдениетін көрсеткіміз келеді. Ол үшін сәулетшілер, тарихшылар мен дизайнерлерді тартуды жоспарлап отырмыз. Ішкі көрініс ұлттық нақышта безендіріліп, мүсіндер, ою-өрнектер, картиналар қойылады. Тарихтың шағын бұрышын жасағымыз келеді. 1970-1980 жылдары Алматы әуежайы Қазақстанның көлік инфрақұрылымында маңызды рөл атқарды. Бұл тақырыпқа шағын мұражай ұйымдастырылады.