Елордада тегін дәрі-дәрмек алуға 19,54 млрд теңге бөлінді

Биыл елордада тегін дәрі-дәрмек алуға 19,54 млрд теңге бөлінді.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астанадағы филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басынан бері дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр. Былтыр бұл мақсатқа бас қала бойынша 17 млрд теңге бөлінген. Оған 207663 адам тегін дәрі-дәрмек алды. Ал былтыр Медициналық сақтандыру қорының бас қаладағы филиалына 4348 шағым келіп түскен. Олардың басым көпшілігі шешімін тапқан. Сонымен қатар, биылдан бастап сақтандыру қоры стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасай бастады.

Нұрлыбек Қабдықапаров, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалалық филиалының директоры:

- 2022 жылы стоматологиялық көмектің бәрі алғашқы медициналық емханалар арқылы жасалатын. Себебі субмердігерлік жағдайда жұмыс жасады. Биылдан бастап тікелей келісім-шартпен жұмыс жасайды. Астананың медицина саласындағы емдеу мекемелерінің инфраструктуралық жағдайларының өсуіне байланысты халықтың да талаптары күшті. Соған байланысты емдеу мекемелерінің жасап жатқан операциялары жаңарып жатыр.