Жетісу облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр

Биыл өңір шаруалары жарты миллион гектардан аса жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын себеді. Қант қызылшасына, майбұршақ пен жүгеріге басымдық беріліп отыр. Аймақта алғашқылардың бірі болып Жаркент өңірінің диқандары жерге соқа салады. Сондықтан олар техникасын сайлап, маңызды науқанға білек сыбана қамданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Комбайнның қозғалтқышын салып жатқан Ербол Әріпжанов –шаруашылықтағы ең үздік механизатордың бірі. Білікті маман үшін қазір нағыз қарбалас шақ. Жер жырту жұмыстарына дейін ол 20 дан аса техниканы  сақадай сай етіп шығаруы керек. 

Ербол Әріпжанов, механизатор:

- Бұл өте керек техника ғой. Көрдіңіз бе? 2-3 жұмысты атқарады. Жай ғана шөпті шауып кет десеңіз, шауып кетеді. Одан кейін турап лақтырады «силосқа». Жоңышқаны «сенажға» лақтырады. Жаз бойы тыным жоқ қой.

Шаруашылықтағылар қара күзден бері егіс алқабына көң төгіп келеді. Жердің құнарын арттыру жұмыстары жүгері себу науқанына дейін жалғасады. 

Бағдәулет Қожыханов, агроном:

- Жерде нитрат бар. Фосфор бар. Тек органика жоқ. Сол үшін «навоз» шашып жатырмыз.

Шаруашылықтағылар жыл сайын әр гектардан 15 центнерден жүгері жинайды. Мұндай көрсеткішке тамшылатып суару технологиясын енгізу нәтижесінде қол жеткізілді. Серіктестіктегілер тиімді тәсіл қолданылатын егістік ауқымын биыл да ұлғайтпақ.

Жәнібек Оханов, серіктестік басшысы:

- Жаңбырлатқыш қондырғыларын қойып жатырмыз. Биыл тағы 400 гектарға тамшылату қоямыз. Сонда мың гектар жеріміз интенсивті технологиямен жұмыс істейтін болады.

Төрехан Керімбеков, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- Былтыр тамшылатып суару арқылы 2050 гектарды суарсақ, биыл 2500 гектарды жеткіземіз деп отырмыз. Биыл 50-дей техника алсақ деп отырмыз. 50-дей техниканың  құны – әртүрлі . 1 млрд болады деп отырмыз. Біздің аудан жүгеріге қарап отырғандықтан, жүгері егу өндіру, жинап алу техникалары болып есептеледі.

Жетісу облысында негізінен майбұршақ, қант қызылшасы және дәнді дақылдар өсіріледі. Өңір дихандары осы жылы 500 гектардан астам жерді игеріп, ел ырыздығын арттырмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.