«АрселорМиттал Теміртауда» ең әдемі әйелдің есімі белгілі болды

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясында еңбек ететін ең әдемі әйелдің есімі белгілі болды.

Мереке қарсаңында мұнда қыз-келіншектер арасында «Әйел болу шеберлігі» атты байқау өтіп, үміткерлер өз өнерлерін, білімдерін ортаға салды.

Байқауға компанияның әр саласында еңбек ететін әр-түрлі мамандық иелері қатысты. Әуелде 100 әйел өтініш білдіргенмен, ақтық сынға тек 10-ы ғана жолдама алған. Алғашқы кезеңде арулар өзін таныстырудан бастады. Алдын-ала әзірлеген бейнероликтері бірінен-бірі асады. Тапқырлықтары таңдай қақтырды.

Владимир Яблонский, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:

- Металлургиялық өнеркәсіпте негізінен ер азаматтар еңбек етуі керек қой. Бірақ бізде әйел адамдар өте көп. Олар жігіттерден еш қалыспайды. Өте еңбекқор, жұмыста жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Көктемнің шуақты мерекесінде біз де оларды қуантқымыз келіп, осы шараны ұйымдастырдық.

Бірнеше кезеңнен тұратын байқау өте тартысты өтті. Арулар би билеп, ән шырқады. Кейбірі ұлттық салт-дәстүрден үзінді көрсетті. Соңғы сайыста қаптаған жұмыс киімдерінің арасынан дұрыс таңдау жасап, санаулы секундта белгілі бір маманның образын жасау тапсырмасы жүктелді. Кілең ер азаматтардан тұратын әділ-қазылар алқасы кеңесе келе үш бірдей келіншекті жеңімпаз деп таныды.

Лаура Калкенова, байқау жеңімпазы: 

- «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына алғысымды білдіргім келеді. Мен шын айтсам сене алмай тұрмын әлі күнге дейін. Бала кезімнен мен бимен айналысқанды ұнатамын. Осыдан 10 жыл бұрын биге қатысқанмын. Барлығы анамның арқасы. Анамның арқасында осындай бимен айналысуды үйрендім. 

Сонымен үздік үштікке алтын тәждің орнына жылтыр таспен көмкерілген каска сыйлады және әрқайсына соңғы үлгідегі қымбат бағалы ұялы телефон тарту етті. Олар эколог, диспетчер және жылу энергия орталығының жұмыскері. Өзге қатысушылар да елеусіз қалған жоқ. Сертификат алды. Бұл күні аруларды құттықтауға отандық және шетелдік өнержұлдыздары келді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар