Семейдегі түрме қызметкерлері «Аналар үйінде» көшпелі сән салонын ұйымдастырды

Семейдегі №21 түзету мекемесінің қызметкерлері еріктілермен бірге «Аналар үйіне» барып, көшпелі сән салонын ұйымдастырды.

Тағдырдың тәлкегімен мейірім мекеніне тап болған жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, шаш үлгісін жасап берді. 2015 жылдан бері қоғамдық негізде жұмыс істейтін «Аналар үйінде» бүгінде 7 ана 8 баласымен бірге тұрып жатыр. Бұған дейін бұл жерді 265 нәзік жанды паналап, өмірден өз орнын тапқан.

Дария Назарова, "Аналар үйінің" тұрғыны:

- Бізге 8 наурыз мерекесі қарсаңында арнайы келіп, шаш үлгісін жасап, көңіл-күйімізді көтерді. Мейраммен құттықтап, сыйлық табыстады. 

Гүлнәр Исмайлова, №21 түзету мекемесі кадр саясаты бөлімінің басшысы:

- Біз Аналар үйіндегі қыздарға ерекше көңіл-күй, сұлулық сыйлауға келдік. Мақсатымыз олардың өздеріне деген сенімділіктерін арттыру. Себебі барлық қыздар қандай жағдайда болмасын  ханшайым болуға лайықты. Аруларымызды қуанту үшін кішігірім сыйлық та алып келдік.