«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнындағы нәзікжандылар қызметтік міндетін мүлтіксіз атқарады

Қоғамда ер азаматпенен иық тірестіріп еңбек етіп жүрген аруларымыз аз емес.

Себебі әйел заты бір мезетте мыңдаған істі атқара алады. Тіпті отбасы мен шығармашылыққа уақыт тауып, кәсібінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгендер де бар.

Сондай жанның бірі «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорынында жұмыс істеп жүрген Мария Борисова. Кәсіпорында автомобиль көлігі басқармасының инженері өмірде жаңа нәрселерді үйренуге сарқылмас ынта маңызды дейді.

Мария Борисованың мамандығы қаржыгер. Ол өндіріс саласына кездейсоқ келіпті. "Зауытқа алғаш келгенімде ауқымы мені қатты таң қалдырды. Бұл жер тұтас бір қала сияқты. Ал өз жұмысымды меңгеру үшін мен жеңіл көліктерді, әсіресе жүк көліктерін бір-бірінен қалай ажыратуға болатыны туралы көптеген кітаптарды оқыдым" дейді «Арселормиттал Теміртау» кәсіпорынының автомобиль көлік басқармасы инженері.

Мария Борисова, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қызметкері:

- Менің жұмысым жан-жақты. түрлі функцияларды атқарамын. Негізгі міндет – зауыт көлігін мемлекеттік органдарда тіркеу, есептен шығару, техникалық байқаудан өткізу. Біздің басқармаға тиісті автокөліктер әрдайым бақылауда. Барлығы сақтандырылған. 

Мария өндіріс орнында 3,5 жылдан бері еңбек етіп келеді. Кәсіби маманның айтуынша, осы уақыт ішінде зауытта қызметкерлерге бар жағдай жасалғандығын айтады. Ол бос уақытында сурет салумен айналысады. Ал жұмыста кәсіподақ комитетінің белсенді мүшесі. Түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысады. Марияны маман ретінде әріптестері жоғары бағалайды.

Светлана Антипцева, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қызметкері:

- Мария әрқашан барлығына қол ұшын созып көмектесуге дайын тұрады. Қарым-қатынасынан жылулықты сезінесің. Ол жұмыста жүргенде ештеңеге алаңдамаймыз. Өз ісін жақсы біледі. Кез-келген тақырыпта әңгіме-дүкен құрамыз. Өзі көпшіл, сүйкімді адам. Біздің ұжымдағы мәдени шараларды оның қатысуынсыз елестете алмаймын.

Ер азаматтармен бірге еңбек етіп жүрген нәзік жандының тату-тәтті ұжымына алғысы шексіз.  Ал отбасында бәрі жақсы болуы үшін - жылулық, жайлылық, қамқорлық әйел үшін маңызды жайт дейді кейіпкер.

Нұрбек Байбосын