Талдықорғанда аналарға құрмет көрсетілді

Жетісу облысындағы салтанат 10 баланың анасы, 22 немере, 23 шөбере сүйген Гүлжауар Айтжанқызына құрмет көрсетуден басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кісі –  «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлін сомдап, пандемия кезінде өмірден озған Әлімғазы Райымбековтың өмірлік жан-жары. Әмина Өмірзақова апамыз бүкіл Алматыны шарлап жүріп, ұлына табанынан таусылып қаншама келін іздесе де, сол бір ғана кинокартинамен күллі алаш жұртына танылған талантты тұлғаның өмірдегі таңдауы осы Гүлжауар анамызға түскен екен. Бикен Римова атындағы драма театрда өткен мерекелік шараға Жетісу өңіріндегі 500 әйел-ана қонақ боп келген. Олардың арасында батыр аналар, еңбегімен елге танылған ардақты жандар бар. Жиынға қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жарлары да шақырылды. Ел Президентінің жарлығы бойынша көпбалалы аналар алтын және күміс алқалармен марапатталды. 

Бейнегүл Жанаят, «Алтын алқа» иегері:

- Енді қуанышым шексіз, өстіп бізді мадақтап, аналарымызды құрметтеп жатқанына мың алғыс. Рақметімді айтамын. Енді өзімде қазір 4 ұл, 3 қыз бар. Еңбегімізді елеп жатқан елімізге рақмет!