Елде көктемгі егістікке дайындық басталды

Биыл егілетін бидай көлемі еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз етуге жеткілікті болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осылай деп отыр. Вице-министр Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, жалпы егіс алқаптарының аумағы 23,4 млн гектарды құрайды. Былтырмен салыстырғанда бұл 68,6 мың гектарға артық. Осы жылы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, азықтық дақылдар мен қант қызылшасын отырғызуға басымдық берілмек. Күнбағыс, көкөніс, бақша мен картоп егістіктері де ұлғаяды. Көктемгі егістік жұмыстарын жүргізуге ел өңірлеріне 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 1 литрінің бағасы 184 теңге болып бекітілді. Сондай-ақ шаруаларға қолдау көрсету мақсатында қомақты субсидиялар беріліп жатыр.

Әбілхайыр Тамабек, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды.Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Жалпы, 3 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қамтып, 2 миллион гектарға жуық алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарлануда.