«Байқоңыр» жалдаған 61 мың гектар жер қайтарылады

«Байқоңыр» ғарыш айлағына жалға берілген 61 мың гектар жер Қазақстанға қайтарылады.

Қазір бұл аумақтарды өлшеу, координатын нақтылау және сонда орналасқан нысандарды анықтау жұмыстары басталды. Жұлдызды қалашықтың арғы бетіндегі алқаптар 15 мыңдай тұрғын қоныстанған Төретам мен Ақай ауылдарының қарамағына өтеді. Енді мұндағы жұрттың жеке үй салып, шаруашылықпен айналысуына және жаңа кәсіп ашуларына мүмкіндік туады. Байқоңыр қаласындағы бір балабақша да қазақстандық білім жүйесіне көшеді. Бұдан бөлек Ресей тарапы пайдаланылмай тұрған бірқатар ғимаратты Қазақстан меншігіне бермек.

Қайрат Нұртай, Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі:

- Тозығы жеткен нысандарды қысқартулар болып жатыр. Қанша жылдан бері пайдаланылмаған ғимараттардың ары қарай пайдалануға мүмкіншіліктер бар. Оларды да Қазақстан тарапына қайтадан беріліп жатыр. Екі жақты комиссия құрылып, жұмысын бастап жылдың аяғына дейін бітірсек деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде уақыт созылатыны барлық мәселе үкіметаралық комиссия қаралатын болғаннан кейін орталық мемлекеттік органдар арқылы өтеді. Сосын барып сараланып, осы комиссияға шығарылады.