Астанада мың отбасыға тегін азық-түлік себеттері таратылады

Бұл әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылар үшін Наурыз мерекесі қарсаңында күтпеген тарту болды.

Мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету шарасы жыл соңына дейін жалғасады. Бүгін бұл жөнінде Астана қаласының әкімдігі «Petro – retail» компаниясымен өзара іс-қимыл туралы келісім жасасып меморандумға қол қойды.

Мың отбасыға арналған азық-түлік 10 шақты шағын жүк көліктеріне тиелді. Оны үйме-үй тарату үшін волонтерлер жұмылдырылды. Алғашқы себеттің бірі 70 жастағы Людмила Симаковаға жеткізілді. Жалғызбасты әжей ризашылығын білдіріп көзіне жас алып қалды. Дәл осындай қорап көпбалалы ана Гүлдария Мұхамедияроваға да берілді. 7 баланы тәрбиелеп отырған «Алтын алқалы» ана «бұл мен үшін» күтпеген сый болды дейді. 

Гүлдария Мұхамедиярова, «Алтын алқа» иегері:

- Сіздерге рахмет. Ризамыз. Қуанып қалады екенсің. Біз бұлай ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Бірақ осылай келіп жатса неге қабылдамасқа. Біздің акиматқа, спонсорларға көптен көп рахмет. Наурыз құтты болсын сіздерге. Бар жақсылықты тілеймін.  

Азық-түлік себеті мың отбасыға берілді. Ең бастысы науқан бір реттік емес. Жыл соңына дейін жалғасады. Бұл туралы қала әкімдігі мен «Petro – retail» компаниясы өзара келісімге келіп меморандумға қол қойды. Енді демеуші компания ынтымақтастық аясында жыл соңына дейін 4 мың отбасын қамтитын болды. 

Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Тек қана елордадағы, еліміздегі мұқтаж жандарға көмекті көрсетіп қана қоймай. Барлық орта және ірі бизнес субъектілерін осындай қайырымдылық шараларына басқа көзқараспен қарап белсенділіктерін арттыру және соған шақыру мақсатында жасалып отырған шара. Осы орайда әкімдіктің атынан, елорда тұрғындарының атынан «Petro – retail» компаниясына және басшылығына ризашылығымызды білдіреміз.  

Тегін азық-түлік себеттері әр тоқсан сайын таратылады. Астана әкімдігі игі бастаманы дәстүрге айналдыру арқылы кәсіпкерлерді қайрымды іске демеушілік етуге тартуды көздейді.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Әлиев