Семейде жылу электр орталығы жұмысындағы олқылықтар анықталды

Семейдегі «Теплокоммунэнерго» кәсіпорны тауар сатып алу кезінде құны 1 млрд теңгеден асатын 252 келісімшартқа заңсыз қол қойған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мекеме мемлекеттік сатып алу порталына жүгінбей, тауар жеткізушімен тікелей келісім жасаған. Сөйтіп, былтыр нарықтағы құны 20 млн теңгеден аспайтын 3 сорғыны 40млн теңгеге сатып алған. Антикор өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссия отырысында осындай деректерді жария етті. Жалпы, 2009-2022 жылдары Семейдің жылу нысандарын жаңартуға мемлекеттік бюджеттен 40 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бір ғана №1 Жылу электр орталығын жаңғыртуға мемлекеттен 26 млрд теңге қарастырылған. Қаражаттың 24 млрд теңгесі игерілгенімен, құрылыс әлі күнге дейін аяқталмаған.

Рүстем Тоқбергенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Көмірді сатып алу, жылу жүйесін жөндеу, қайта құру және мемлекеттік сатып алу барысында көптеген олқылықтың орын алғаны белгілі болды. Соны жоюға бағытталған ұсынымдар берілді.