Түркістан облысындағы көне медресе мұражайға айналды

Мұхтар Әуезовтың бабасы Бердіқожа сауат ашқан ескі медресе мұражайға айналды.

Түркістан облысының Қарнақ ауылында үш ғасыр бұрын салынған көне ғимаратты жергілікті тұрғын күтіп ұстаған. 40 жыл ішінде үш мыңға тарта жәдігер жинақтап, көне Қарнақтың кезінде білім орталығы болғанын дәлелдеді. Бүгінде сан ғасырлық тарихы бар, қойнауы сырға толы мұржайды тамашалауға мыңдаған турист келеді

Бұл ғимарат Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттерінің бірі болған Шаммат ишанның бастамасымен 1789 жылы мешіт-медресе ретінде салынған.  1917 жылға дейін мұнда қазақ халқының бетке ұстар азаматтары білім алған. Өткен ғасырда жетім балалардың үйіне айналып, кейін қараусыз қалған. Қарнақ ауылының тұрғыны тарихшы Бекташ Мирзаев өңірдің тарихи жәдігерлерін жинақтап, көне медресені халықтық мұражайға айналдырды.

Толқын Сайытмұратов, Қарнақ ауылының тұрғыны:

- Мұхтар Әуезовтың бабасы Бердіқожа деген оқыған бұл жерде. Шортанбай деген оқыған. Молда Мұса деген оқыған. Бүкіл зиялы қауымдар осы Қарнақта оқыған.

Қазір мұражайда 2600-ден аса тарихи жәдігер сақтаулы. Құрал-сайман мен қару-жарақтың сан түрі, қыш және мыстан жасалған құмыралар, әшекей бұйымдар - Қарнақ халқының металл балқыту, қолөнер мен егіншілік сынды түрлі кәсіпті ерте замандарда меңгергенінің дәлелі.

Әнуар Мырзаев, Шаммат-Ишан мұражай қорының директоры:

- 25 мешіт болған. 6 медресе болған. Бұл жерде Өзбекстаннан, Қазақстанның басқа жерлерінен келіп осында оқыған. Кейін Қазреставрация жәрдем берді. Мәдени мұра бағдарламасымен істеттік. Содан сақтап қалдық.

Бүгінде көне ғимаратты көріп, құнды жәдігерлерді тамашалау үшін мұражайға жыл сайын 5 мыңға жуық турист келеді. Өйткені ескі шаһарды аралап жүріп, сол дәуірдің бағзы мәдениетін, тұрмыс тіршілігін сезінуге болады. Алайда, мұражай қызметкерлерін көне ғимараттың қазіргі жағдайы алаңдатады. Себебі, жылыту жүйесіндегі құбырдан күмбезге су кетеді. Қабырғалары да ылғал тарта бастаған. Осылай жалғаса берсе, ғасырлар бойы сақталған көне ғимарат құлап қала ма деп қорқады. «Сондықтан жауапты министрлік қамқорлық танытса»,-дейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ербоат Әбіш