Көкше төріндегі Наурыз мейрамы. LIVE

Ақмола облысының жұртшылығы да биыл Наурызды айрықша атап өтіп жатыр.

Орталық алаңда Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келген көпшілікке Наурыз көже таратылды. Бұдан бөлек, көкшетаулықтар ұлттық ойындарды тамашалап, түрлі қойылымдардың куәсі болды.

Абзал Азаматұлы, тілші

- Рахмет, студия. Көкшелік халықтың көңіл-күйі көтерінкі. Жалпы Көкшеге көктем кеш келеді. Десе де, жұрт күннің суықтығына қарамастан Ұлыстың Ұлы күнін атап өту үшін орталық алаңға жиналды. Бір-бірін осы бір мерейлі мерекемен құттықтап, хал сұрасып жатыр.  Жылдағы дәстүрге сай Абылайхан алаңына қаз-қатар киіз үйлер тігілген. Ал наурыз мерекесін тойлауға келген көпшілік, алдымен бірнеше бөлімнен тұратын театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Олардың әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Бірінде қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілсе, келесісінде еліміздегі халықтар достастығы мен тарихи оқиғалары сипатталды. Жалпы кербез Көкше әуелден сал-серілер мекені атанған. Мереке қарсаңында жергілікті дәстүрлі әншілер Ақан мен Біржан кейпінде әндер шырқады. Біз жаңа ғана мерекені тойлауға келген халықпен сұхбаттасқан едік. Соған кезек берсек.

Серік Жетпісқалиев, қала тұрғыны:

- Қытымыр қыстан қысылмай шығып,қиындықтан құтылып арқаны кеңге салатын жақсы мереке. Халықтың малы жайлауға шығып, аузы аққа тиетін мереке. Оның үстіне ұлтымыздың салты бойынша Наурызда келіп амандасып, көрісіп, қателіктерді кешіріп, жаңа бір кезеңді бастайтын сәт. Сондықтан бұл жақсы, құтты мереке.

Бақытжан Айдосова, қала тұрғыны:

- Баршаңызды Ұлыстың ұлық мерекесімен құттықтаймын. Қыстың ызғары әлі кетпесе де міне барша халық наурыз мерекесін тойлауға орталыққа лек легімен жиналып жатыр. Еліміздің бірлігі мен ынтымағы жасай берсін.

Абзал Азаматұлы, тілші

Ал спорттық ойындар халықтың делебесін қоздырып, мерекенің көркін қыздыра түсті. Ерлер жағы күрес пен арқан тартысқа атсалысып, кір тасын көтеріп жарысты. Балалар жағы асық атып, тоғызқұмалақ ойнады. Сондай-ақ, алаңға тігілген әр киіз үйдің ішінде қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Ал Көкшетаудағы мерекелік концерт кешке дейін жалғасады.