Алматыда иесіз мысықтарға үйшік орнатылды

Алматыдағы аулалардың бірінде қаңғыбас мысықтар тамақтанатын үйшіктер пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша әкімдік пен жануарлар құқығын қорғаушылар бірлесіп орнатқан. Үйлердің жертөлелерінде қаңғып жүрген мысықтар енді қолайсыз ауа райында арнайы үйшіктерге кіріп, жан сақтайды. Жануарлардың баспанасын әрлеумен арнайы суретшілер тобы айналысты. Әр үйшікке бір волонтер бекітіліп, оның реттілігі мен бұзылмауын қадағалайды. Сондай-ақ тазалық пен тәртіпті қарайды әрі үйшіктерге тамақ жеткізеді. Тұрғындардан өтініштер түсіп жатса, иесіз мысықтарға арналған мұндай үйшіктер басқа аудандарға да орнатылады. Иттер де қамқорсыз қалмайды, - дейді ұйымдастыруышлар.

Наталья Сульжик, жоба кураторы:

- Қамқорлық жасауды мысықтардан бастаймыз деп шештік. Жалпы, қаланың айналасына қаңғыбас иттерге арналған кабиналар қойылады деп жоспарланып отыр. Оның сыртқы дизайнына көңіл бөлінеді. Әр ауланың тұрғындары жиналып, өздері әсемдейді. Жануарларға қамқорлық жасау арқылы балаларды жауапкершілікке үйретуге болады. Тұрғындарға осыны түсіндіргіміз келеді.