Алматы облысында 30 мыңға жуық адам көлік салығынан жалтарып жүр

Халық пен салық. Алматы облысында 30 мыңға жуық адам көлік салығынан жалтарып жүр. Дер кезінде төлемегендіктен бюджетке 2 млрд теңге берешек жиналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірде салықты төлету бойынша арнайы тексеріс іс-шарасы белсенді жүріп жатыр.

Қонаев қаласындағы Мемлекеттік кіріс департаментінің мамандары, жеке сот орындаушылар мен тәртіп сақшылары үй-үйді аралап, берешегі бар азаматтарды анықтап жатыр. Тізімде қарызы 2 млн теңге жеткен азаматтар бар. Олар көлік салығын 3 жылдан бері төлемей келген.

Динара Нұрсадықова, жеке сот орындаушы:

- Көбісіне міндеттемелер жазылған. Алайда сол міндеттемелерін орындамай, салықтарын төлемей жүр. Бұл кісілерге заңмен белгіленген барлық шектеулер қойылды. Есепшоттарына бұғаттар қойылды. Қазақстаннан шығуға тыйым салынды. Аттарындағы дүние-мүліктеріне тыйым салынды.