Қызылорда облысында қатты жел салдарынан 50-ге жуық электр бағанасы құлаған

Қызылорда облысында өткен демалыс күндері, қатты жел соғып, бірқатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге зақым келді.

50-ге жуық электр бағанасы құлап, бірқатар елді мекен жарықсыз қалды. Бүгін жел екпіні сәл бәсеңсіді. Дегенмен, қауіпсіздік мақсатында, қаладағы бастауыш сынып оқушылары мектепке барған жоқ. Қашықтан оқып жатыр.

Қатты жел салдарынан жылу жеткізуші мекемесінің биіктігі 40 метрлік мұржасы майысып қалды. Бұл станса аудан орталығындағы 98 мекеме, 74 көпқабатты үй мен 203 жеке тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.

Еркін Алпысбаев, жылу тарату мекемесінің директоры:

- Аудан әкімдігі жанынан құрылған комиссия орын алған ақауларды дер кезінде қалпына келтіру мақсатында жұмыстар жүргізілді. Жұмыстар кезінде екі арнайы кран және дәнекерлеу құралы мен 15 жұмысшы қызмет атқарды. Қазіргі таңда жылу үздіксіз берілуде.

Жел салдарынан облыс орталығы мен аудандарда барлығы 50-ге жуық электр бағанасы құлаған. Бүгінде оның басым бөлігі қалпына келтірілді. Тек, Шиелі ауданындағы Қызылқайың елді мекені маңындағы өртке оранған 12 бағананы ауыстыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр,-дейді маманедар.  

Нұрбай Ізтілеуов, электр тарату тораптары мекемесі төрағасының орынбасары:

- Ағаш бағана өртеніп, құлаған. Қазір қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өзіміз темір бетон бағана қоямыз ол жерге. Бүгін азанда бригадамыз шықты. Енді бүгін кешке дейін қосып береміз деп отырмыз.

Дауыл салдарынан былтыр ғана жөндеуден өткен Қызылорда қаласы,  Торайғыров көшесіндегі көпқабатты үйдің де шатыры ұшып, жерге түскен. Жалпы, табиғаттың тосын мінезінен облыс бойынша 24 нысан зардап шеккен. Оның ішінде 7 білім ошағы, 9 әкімшілік ғимарат, 3 мәдениет үйі мен 2 көпқабатты тұрғын үй бар.

Айғанша Сматова, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда осы келтірілген залалдардың шығындары есептеліну мәселесі бойынша комиссия құрылып, аудан, қала көлемінде жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

Қызылорда облысында 31 наурыз бен 1 сәуір күндері жел жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жеткен. Бір қуантарлығы, адамдар зардап шеккен жоқ. Ал «Қазгидромет» мамандары 4-5 сәірден бастап облыс аумағында жел бәсеңдей бастайды деп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин