Елде бензин мен дизель отыны қымбаттайды

Бензин мен дизель отыны қымбаттайды. Бұл туралы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Оның айтуынша, АИ-92 және АИ-93 бағасы литріне 205 теңгеге дейін, ал дизель отыны 260 теңгеге дейін көтеріледі. Бағаның өсуі көлеңкелі экспортпен байланысты. Ресми мәліметке сәйкес, былтыр елден 150 мың тоннаға жуық дизель отыны транзитпен, тағы 200 мың жанармай заңсыз шығарылған. Себебі, елдегі жанармай бағасы тым төмен. Мысалы, Ресейде дизель отыны бізден 45% - ға, Қырғызстанда 64% - ға, Өзбекстанда екі есеге қымбат. Осылайша, қазақстандық жанармай шетелде қайта сатылады. «Нәтижесінде ішкі нарықта тапшылық болып, инвесторлар мұнай-газ саласына деген қызығушылығын жоғалту қауіпі бар. Алайда бензин бағасының өсуі қымбатшылыққа алып келмейді», - деп сендірді Болат Ақшолақов.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы:

- Менің ойымша, жанар-жағармай өзге тауарлардың бағасына қатты әсер етпейді. Біз бағаны екі есе көтерейін деп жатқан жоқпыз. Егер статистиканы қарасақ, 2021 және 2022 жылдары жанармай бағасы өзгермегенін байқаймыз. Бірақ, осыған қарамастан тауарлардың бағасы өсті. Әрине, жанармай қымбаттаған соң, басқа тауарлардың да құны артуы мүмкін. Бірақ, айтарлықтай өсім болмайды.