Елімізде жатыр мойны обыры дендеп барады

Елімізде папилломаға қарсы екпе алу науқаны 2024 жылдың екінші жартысында басталуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Айжан Есмағамбетова Еуропалық иммундау апталығына арналған халықаралық форумда айтты.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің сөзіне сүйенсек, вакциналардың бірқатар түрін сатып алу сұрағы Иммундау жөніндегі ұлттық комиссия қарауына шығарылады. Комиссия мүшелері екпенің қауіпсіздігіне, қолжетімділігіне, сапасы мен бағасына қарап, консультативтік кеңес береді. Соңғы шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды.

Жалпы, статистика бойынша жыл сайын елде жатыр мойны обырынан 600-ге жуық қыз-келіншек көз жұмады. Мамандар қатерлі ісіктің бұл түрін екпе арқылы ғана жеңуге болатынын айтады.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Жыл сайын елде жатыр мойны обыры бойынша 2 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Дерттен күн сайын шамамен 2 адам қайтыс болады. Аурудың бұл түрі жас талғамайды. Бірақ орта есеппен әйелдерде 40-44 жасында анықталады. Алдағы уақытта вакцина тегін беріледі және мектеп жасындағы қыздарға ата-анасының рұқсатымен салынады.

 

Елде қызылша ауруына қатысты эпидемиологиялық жағдай да көңіл көншітпейді. Биыл жыл басынан 125-ке жуық жағдай тіркелді. Оның ішінде жартысынан астамы Алматы қаласында анықталды. Науқастардың көбі – балалар. Ауру жұқтырғандардың 70%-тен астамы – екпе алмағандар және одан бас тартқандар.