«Хабар» Агенттігінің» төрағасы өнер академиясының техникалық базасымен де танысты

Телевизия саласын таңдаған студенттерге берілген жаңа мүмкіндік.

Алматыда «Хабар» Агенттігі» мен Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы екіжақты меморандумға қол қойды.Енді академия студенттерінің қолынан шыққан тұщымды туындылар «Еларнадан» көрсетіледі. «Хабар» Агенттігінің» төрағасы өнер академиясының техникалық базасымен де танысты.

«Хабар» Агенттігі» мен Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы бекіткен құжат ең әуелі дарынды жастарды елге танытуды көздейді. Студенттер агенттікке қарасты телеарналардан тәжірибеден өтіп, тіпті жұмысқа орналасса болады. Сондай-ақ, бірегей идеяларын таспалап «Еларна» телеарнасының эфирінен көрсете алады. Студенттердің жұмыстарына «Еларна» эфирінен 40 минут берілмек.

Азамат Сатыбалды, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:

- Студент дипломдық жұмыс түсіреді, ол осы академияның қабырғасында қалмау керек. Егер шынымен де «Хабар» Агенттігімен» келісе отыра біз дипломдық жұмысты «Хабардан» тапсырыс алып отырып студентке берсек, ол студент сол дипломдық жұмысын түсіре отыра дипломды қорғай алады және де арнаға да көмектеседі. Оның жұмысын көрермен көреді. Ол деген керемет емес пе!

«Хабар» Агенттігінің» төрағасы өнер академиясының материалдық-техникалық базасымен танысты. Мұнда болашақ актерлермен қатар режиссер, операторларда дайындалады. Теория мен тәжірибені ұштастыру үшін кино түсіруге арналған студия және монтаж кабинеттерімен жабдықталған. Шағын шеберханада түсірілген студенттік жұмыстар республикалық және әлемдік бәйгелерде топ жарып жүр.

Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» ақ басқарма төрағасы:

- Журналистика мамандығын дайындайтын бірнеше жоғары оқу орындары бар. Солармен де келісімдеріміз бар. Енді біз олардың барлығын арнайы бір жоба әзірлеп, әрқайсысынан сондай бір өнімдер алып, 40 минут көлемінде әр жоғары оқу орындарының дайындаған материалдарын, өнімдерін эфирге қоюға дайынбыз. 40 минут деген қазіргі заманда өте үлкен уақыт, сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу керек.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын оқу орнының 6 факультетінде 50-ден аса мамандық оқытылады. Екі мыңға жуық студент білім алып жүр. Бүгінгі меморандум біз үшін «кино және телевизия әлеміне жолдама беретін жақсы жоба»,-дейді жастар.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов