Қарағандыда ерлікпен қаза тапқан 17 сарбазды еске алу күні аталып өтіп жатыр. LIVE

7 сәуір – Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбазды еске алу күні. Осыған байланысты Қарағандыдағы Ұлттық ұланға қарасты 6800 әскери бөлімінде «ерлік күні» өтіп жатыр. Тәуелсіз ел тарихында бірден 17 сарбаздан айырылу қасіреті болмаған еді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бүгін – Қазақстанның сол кездегі ішкі әскеріне қарасты 17 сарбаздың жан алып, жан беріскен қияңқы ұрыста шейіт болған күні. Бірақ 28 жыл өтсе де, от кешкен 17 сарбаздың ерлігі ұмытылған емес. Оған қоса жарақат алған 34 сарбаздың, сол жерден аман шыққандардың да ерлігі мәңгілік. Менің қасымда Ауған тауларындағы арпалыста 4 ай жүріп, бүгін ерліктің үлгісін көрсеткен Нұрболат Аяғанов тұр.

Қазақстанның 9 мыңға жуық сарбазы Ауған даласына біздің жастардың болашағы үшін де барды. Себебі ТМД-ның оңтүстік аумағы сыр берсе, заңсыз қару-жарақ, есірткі тасымалы артар еді. Бұл ерлікті жастар да санасына сіңіріп келеді. 

Тек Қарағанды облысынан сол кезде шекара шебін күзетуге 400-ге жуық сарбаз аттаныпты. Ал ел бойынша кемінде 9 мың сарбаз әскери борышын өтеген. Бітімгершілік миссиясын орындап жүріп, елдің де амандығын күзеткен сарбаздар ерлігі жыл сайын барлық әскери бөлімдерде аталып өтеді. Бүгін Ұлттық ұланға қарасты 6800 әскери бөлімінде ұрыс даласында қаза болған сарбаздарға гүл шоқтары қойылды. Енді Достық үйінде Тәжік-Ауған шекарасының ардагерлеріне арналып арнайы кабинет ашылатын болады.