Қостанай облысында жаңа автобустар жолға шыға алмай тұр

Қостанай облысында оқушыларды тасымалдауға арналған жаңа автобустар тұрақта қаңтарылып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл көліктердің кілттері салтанатты жағдайда наурыз мерекесі қарсаңында аудандық білім беру бөлімдеріне табыс етілген еді. Алайда 28 автобус иелеріне жетпеген. Ал шалғайдағы ауыл балалары мектепке әлі күнге ескі көлікпен қатынайды. Қарағандыда құрастырылған автобустар ыңғайлы әрі жайлы. Жылдамдықты шектегіші, қауіпсіздік белдігі, ауа реттегіш жүйесі бар. Сондай-ақ пандуспен, жүргізушіні шақыру түймесімен жабдықталған. Бірақ мақтауы келіскен, 1 млрд тенгеге сатып алынған автобустардың жолда жүруге рұқсат құжаттары болмай шықты.

Абылай Омаров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Барлық автобустар шығарушы зауыттың кепілдігінде тұр. Сондықтан GPS орнатудағы әр өзгеріс өндірушімен келісілуі керек. Бұл – өте ұзақ процесс. Қазір құжаттар дайын, енді  GPS орнатып сақтандыру шартын жасау үшін мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланды. Мамыр айында автобустар жолға шығуы тиіс.