Аягөз маңындағы ауыл халқы жолды әкімдіксіз жөндегелі жатыр

Абай облысы Аягөз ауданының Мамырсу ауылының тұрғындары елді мекенге кіреберіс жолды жөндеуге қаражат жинап жатыр.

Себебі Аягөз қаласы мен ауылды жалғайтын 3 шақырым жол 30 жылға жуық уақыт жөндеу көрмей, тоз-тозы шыққан. Жергілікті әкімдіктегілердің пікірінше, бұл жолды қалыпқа келтіру тиімсіз. 

Аягөз қаласының дәл іргесіндегі 3 мыңнан астам халқы бар Мамырсу ауылының тұрғындары айналдырған үш шақырым жолдың осынша уақыт жөнделмегеніне қапалы. «Жолдың жырын айта-айта, жаза-жаза шаршадық. Өзіміз қаржы қосып, жөндеткеннен басқа амал қалмады. Қазір 300 мыңдай ақша жиналды» дейді олар.

Архат Әбдірахманов, Мамырсу ауылының тұрғыны:

- Қанша депутат, үлкен кісілер ауылға келеді. Бірақ қай көшемен алып келетінін білмейміз. Бұл жолға ешкім назар аудармайды. Амалсыз ауыл азаматтары өзіміз жасайық деп жанталасып жатырмыз.

Тыныштықбек Байболов, Мамырсу ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылымыздың іргесінде үш асфалть зауыты тұр. Солар неге бізге көмектеспейді? Мына жолды жасап беруге болады ғой. Көңіл бөліп. Қыс болса жол ашылмайды. Биыл қыста неше күн боран соқты. Сол күндері жұмысқа жаяу барып жүрдім. Автобус жүргісі келмейді.

Ал жергілікті әкімдік өкілдерінің есебінше, бұл жолды жаңартуға 150 миллион теңге қажет. Бірақ мұнша қаражатты шығындау тиімсіз. Өйткені ауылдың дәл жанынан «Өскемен-Талдықорған» жолы өтеді.

Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Жоспар бойынша биыл республикалық жол аяқталады деп отыр. Аяқталса ол жерде жол биіктейді, көтеріледі. Сонда үш шақырым жол Аягөз қаласының территориясына кіреді. Яғни, жолды жасаудың ешқандай қажеттілігі қалмайды. Өйткені жол көтерілсе, бұл жолға шығу мүмкіндігі болмайды.

Аягөз ауданының ауылдарында ғана емес, қаланың ішінде де көп жыл бойы жөнделмей жатқан көшелер аз емес.

Азамат Қасым, тілші:

- Аягөз қаласындағы Сәтпаев пен Құлсейітов көшелерінің қазіргі кейпі осындай. Езілген батпақ. Тұрғындар әсіресе көктем кезінде балаларға қиын екенін айтады.

Маржангүл Омарбекова, қала тұрғыны:

- Былтыр көшіп келдім. Он жыл бұрын осында тұрғам. Сол кезден бері еш өзгеріс жоқ екен. Сондай халде екен. Жаяу жүре алмаймыз. Автобус келмейді. Соңғы аялдамасы тұр ғой.Балшық уақытында келмесе де басқа уақытта келсін.

Мәрзия Бағдатқызы, қала тұрғыны:

- Міне сары балшық. Қайта бұл кепкені. Наурыз кезінде батып жатамыз. Ортан белімізге дейін. Жергілікті әкімдік бұл көшелердің жайын жақсы біледі. Қазір су тарту жұмыстары жүріп жатқандықтан  жөндеуге қаржы бөлінбей тұр.   

Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Су жүйесін тартқаннан кейін екі жылдай отыруы керек. Әйтпесе ақшаны далаға шашқандай боламыз. Биыл су тарту жұмысы аяқталса, одан кейінгі жылы асфалтьттауға болады.

Аягөз қаласында ұзындығы 110 шақырым жол бар. Өткен жылы 18 көшеге қиыршық тас төселіп, 11 көше асфалтьтталған. Биыл шағын шаһардағы 10 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен үш ауылдың кіреберіс және ішкі жолдары жаңартылады.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов