«АрселорМиттал Теміртау» жаңа 2 жобаны іске асыруда

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының көмір өндіру кәсіпорындарында екі бірдей ұңғының құрылысы жүріп жатыр.

Бірі «Тентек» шахтасында болса, екіншісі Күзембаев атындағы кен орнында орналасқан. Компания басшылығы бұл жаңа ұңғылар мол көмір қорына қол жеткізетінін айтты. Қос жобаға жалпы құны 130 млн долларға жуық инвестиция құйылған.

«Тентек» шахтасындағы жаңа ұңғы құрылысының жобасы 2017 жылдың соңында басталған. Қазір оның тереңдігі 830 метр. Кен орнынан 30 млн тоннаға жуық көмір қазуға мүмкіндік бар. Бұл - шахтаны ұзақ жылға дамытып, тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етуге кепілдік береді.

Дмитрий Анисимов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің инвестициялық жоба менеджері:

- Бұл инфрақұрылым нысандарының барлығы «Тентек» шахтасын одан әрі дамыту үшін қажет. Көмір алу кезінде қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ, құрылғыларды, материалдар мен адамдарды түсіріп, қайта көтеру үшін керек. Сондай-ақ, электр жарығын беру, шахтадан суды тартып шығарып, тазартуға жіберу үшін керек жабдықтар.

Күзембаев шахтасындағы жоба үш кезең бойынша іске асырылады. Бүгінде жұмыстың көп бөлігі аяқталған. Желдеткіш орнату арқылы қосымша екі блок өңделеді. Бұнда 60 млн тонна көмір қоры бар. Нысан келер жылдың соңында толық пайдалануға беріледі.

Олег Гусев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті құрылыс бөлімінің маманы:

- «КСРО-ның 50 жылдығы» атындағы шахтаның қабаты терең екенін ескерсек, тағы 105 млн тонна көмір қоры бар деген сөз. Сондықтан, желдеткіш орнату аса қажет. Болашақта бұл қауіпсіздікке байланысты туындайтын салдардан сақтайды. Кокстенген көмір тұтынушыларға және болат өндіру үшін қажет.

Мамандар екі жоба да ауқымды әрі маңызы зор екенін айтады. Оларды іске асыру өндірісті ілгерілетіп, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Енді тау-кен қазындыларын алу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары барынша сақталады.