Абай облысы Аягөз қаласындағы аурухана жаңа құрылғымен қамтылды

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Аягөз қаласындағы көпсалалы ауруханаға құны 4 млн теңге болатын офтальмологиялық жабдықты тарту етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандарды оқытуға да жәрдем көрсеткен. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, жаңа құрылғы шала туған нәрестелердің көз жанарын дер кезінде тексеріп, соқырлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. «Ең бастысы, біз енді балалардың көз ауруын ерте анықтап, облыстық, республикалық ауруханаларда уақтылы ем алуға жібереміз», - дейді аудандағы ақхалаттылар. Шағын шаһардағы медициналық мекеме 70 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Медицина кадрларын оқытудың 3 деңгейлі бағдарламасы аясында соңғы 5 жылда аудандағы 600 маман біліктілігін арттырып, 42 дәрігер шет елде шеберлігін шыңдап қайтқан.     

Аманжол Сейілбекұлы, Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Құрылғыны алғанымызға 1 ай ғана болды. Әзірше шала туған нәресте жоқ. Болған жағдайда анықтауға болады. Бізде скрингтік тексеру деген бар. Балаларды 1 және 3 жасында тексереміз. Сонда шала туған балаларды ғана емес, басқа да балаларды алдын ала тексеруге мүмкіндік бар.