Биыл 4 мыңнан астам киберқылмыс тіркелді

Жыл басынан бері 4 мыңнан астам киберқылмыс жасалды.

Интернет-алаяқтардың әрекеті салдарынан азаматтар жалпы 3 млрд теңге қаржысынан айырылды. Бармақ тістеп, жер сипап қалғандардың көбі онлайн сауданың құрбандары. Мәселен, Алматы қаласында киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде әккілердің call-орталығын анықтады. Жүргізілген операция барысында Грузия Республикасының 24 азаматы ұсталды. Ал Астанада Екібастұз қаласының тумасы ұсталды. Ол "Instagram" әлеуметтік желісінде парақ ашып, төмен бағамен тон сату туралы жалған хабарландыру жариялап келген. Азаматтарға келген шығын көлемі 4,2 млн теңге. Тараз қаласының тұрғындары арасында интернет-алаяқтық жасаған топ ұсталды. Күдіктілер фармацевтикалық компанияның клиенттік базасын ұрлап, олардың клиенттеріне қоңырау шалып, автокөлікті ұтқаны туралы хабарлаған. Азаматтарға "1Х бет" букмекерлік компаниясының шоттарына аударылған салықтарды төлеу ұсынылды. Қазіргі уақытта 20 жәбірленуші анықталды, алаяқтардың басқа құрбандарын анықтау жұмыстары жүргізілуде.