Елде 3 мыңнан астам ауыл интернетпен қамтамасыз етіледі

Ол үшін 60 мың шақырым оптикалық инфрақұрылым салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Үкімет отырысында Цифрлық даму министрі мәлімдеді. Бағдат Мусиннің айтуынша, халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетпен қамтылмаған. АҚШ, Франция, Германия сынды мемлекеттерде байланыс саласына ондаған млрд доллар инвестиция құйылады. Ал Қазақстанда бұл қаржы тіпті 200 млн долларға жетпейді. Осыны ескеріп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленді.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, біз «соңғы мильді» жеткізу үшін арнайы гранттарды, шағын және орта операторларды субсидиялауды көздеп отырмыз. 2020 жылы 1200 ауылға оптикалық желі жеткізілген болатын. Бірақ әр үйге дейін оптиканы жеткізу дұрыс қолға алынбаған. Біз сол ауылдардағы 300 мың үйді интернетке қосамыз. Одан басқа оптиканы тарту мүмкіндігі жоқ 500 ауыл қалып отыр, оларға спутниктер арқылы интернет жеткізіледі. Сондай-ақ 134 ауылда спутниктік трансмиссияны жерүсті трансмиссиясына (РРЖ) ауыстыру жоспарланып отыр.