Малшылар тауып алған қар барысына не болды?

Алматы облысында малшылар тауып алған қар барысы қайта түзге жіберілуі мүмкін.

Қазір аң Алматыдағы хайуанаттар бағында бір айға карантинге жабылды. Ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ. Ветериналардың айтуынша, қар барысы шамамен бір жарым, екі жаста. Анығы зертханалық сараптамадан кейін белгілі болады. Оған қоса жұқпалы ауруларға тексеріледі. Жабайы жыртқышты 19 наурыз күні Нарынқол ауданына қарасты Сарыбастау ауылының малшылары көріп хабар берген. Кейін жыртқыш Алматыға жеткізілді. Еліміз бойынша 200-ге жуық қар барысы бар. Сирек кездесетін аң Қызыл кітапқа енген.      

Виталий Сачков, ветеринар:

- Қазір жағдайы жаман емес. Тек әлсіреп қалған болуы керек. Екі табанын жарақаттап алған. Оған қорқатын ештеңе жоқ. Жыртқыш аңдарда ондай болып тұрады. Тез жазылып кетеді. Толық тексерістен өтеді. Егер барлығы жақсы болса, жабайы табиғатқа жіберіледі. Әрине қар барысының түзде тау басында жүргеніне не жетсін.