Алматыда өткен форумда балабақша тапшылығы мәселесі көтерілді

Еліміздегі балабақша тапшылығын шешудің бірден-бір жолы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік болуы тиіс. Бұл туралы Алматыда өткен «Балалық шаққа инвестиция» IV республикалық форумында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала мамандарының пікірінше, Алматы, Астана сынды ірі мегаполистерде мемлекеттік балабақшалар салу тиімсіз. Өйткені жер телімі жетіспейді. Осы түйіннің жалғыз шешімі – жекеменшік балабақшалардың санын көбейту. Бірақ ондағы педагог пен тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Мәселен, былтырдан бастап республика бойынша 39 балабақша іріктеліп, пилоттық жаңа оқу бағдарламасы енгізілген. Онда балдырғандарға білім беру ойын түрінде өтеді. Сөйтіп қабілеттері бойынша топтарға бөлініп тәрбиеленіп жатыр.

Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институтының директоры:

- Қазіргі дамыған шетелдік мемлекеттерді алатын болсақ, ол жерде жеке балабақшалардың үлесі басым. Мысалы, Сингапурдың тәжірибесін алсақ, ол жерде 100% барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тек жекеменшік болып табылады. Бізде қазіргі 11 мың балабақшада шамамен алғанда 50/50.