Жезқазғанда ескірген көше атаулары ауыстырылады

Жезқазғанда ондаған көшенің атауы өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық Ономастикалық кеңес көшелерді қайта атау туралы қоғам өкілдерінен келіп түскен өтініштерді саралап жатыр. Кеңес мүшелері әзірге 27 көшенің атын өзгерту туралы талқылау өткізді. Ескірген көше атауларын тарихи жер-су аттарымен өзгерту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Құжат қалалық мәслихат қарауына жіберілді. Одан әрі көпшілік тыңдау ұйымдастырылып, соның нәтижесі бойынша нақты шешім шығарылады.

Гүлзада Шомаева, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын, мән-мағынасы жоқ көшелердің атауы өзгертілетін болады. Көше атауын ауыстырғанда қала тұрғындарының есебінен ешқандай қаражат жұмсалмайды. Қазіргі таңда құжаттарды электрондық түрде ауыстыруға болады. Қаражат жергілікті бюджет есебінен ауыстырылатын көшелердің аншлагтары мен пилондарына ғана жұмсалатын болады.