Кеңейтілген кеңесте Абай облысын дамыту мәселелері талқыланды

Үкіметте бекітілген Абай облысын дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары аясында аймақта 46 ауқымды жобаны жүзеге асыру басталып кетті.

Бұған 90 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Бұл туралы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтылды.

Биыл Абай облысының бюджеті 374 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 46%-ке артық. Осыған орай аймақта сан жыл бойы қордаланған түйткілді проблемалардың түйінін тарқату жоспарланып отыр.    

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Әлеуметтік экономикалық дамудың төменгі салаларын қаржыландыру көлемі өсті. Сумен қамтамасыз ету нысандарын дамытуды қаржыландыру көлемі 2,5 есеге, жол жөндеуді 2,3 есеге, білім саласын дамыту 1,2 есеге, денсаулық сақтау саласына 2 есеге, ауыл шаруашылығы саласына 9 есеге өсті.

Кеңейтілген кеңесте өңірді дамытуға қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Алдағы уақытта қолға алынар ауқымды жобалар жұртшылыққа таныстырылды.

Мейрамхат Айнабеков, Абай облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Облысқа қатысты қордаланған үлкен-үлкен мәселелер айтылды. Әлеуметттік, инфрақұрылым, жұмыс қамту мәселесінің барлығы қамтылған. Айналып келгенде, облыстың үлкен деңгейде даму жоспары бекітілген.

Мақсат Кәрібаев, Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Облысымызда не істеліп жатқаны, қайда бара жатқанымыз туралы мағлұмат алдық. Жақсы мәселелер айтылды. Қандай бағытта жұмыс істейтініміз туралы баяндамашылар жақсы айтып берді.

Облыс құрылғалы алғаш рет кең көлемде өткізіліп отырған кеңестің мақсаты – өңірлік басқармалар мен аудан-ауыл әкімдіктері арасындағы байланысты нығайту, мәселелерді ашық талқылау. Мұндай форматтағы жиын алдағы уақытта да жалғасын табады. 

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов