Елімізде әскери медицинаның әлеуеті артып келеді

Осы саладағы дәрігерлер қос қызметті қатар алып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде азаматтық денсаулық сақтау жүйесімен терезесі тең десе болады.

Болатбек Сахов – әскери медицина саласының білгірі. Шені подполковник болғанымен, ол – ең алдымен, терапевт дәрігер. Ақ халат пен әскери форманы қатар кигеніне 26 жылдан асқан. Темірдей тәртіпті ту ете жүріп, алдына келген талай жанға медициналық көмек көрсетті. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің бас емханасында қызмет етеді.

Болатбек Сахов, ҚР ҚМ Бас әскери емханасының бастығы:

- Әскери дәрігер мен азаматтық денсаулық сақтау саласындағы дәрігердің айырмашылығы жоқ. Бірақ әскери жарақаттар ол азаматтық денсаулықтағы жарақаттан бөлектеу болады. Ату құралынан жарылыс кезінде пайда болған жарақаттар. Сондықтан әскери дәрігерлердің ондай жарақаттар түскенде көмек көрсетуі өте жоғары. 

Әскери медицина саласында 30 жылға жуық қалтқысыз еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Асқар Маруфов. Ол – медицина қызметінің полковнигі. Бүгінде Қорғаныс министрлігі бас әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасары. Алайда антына адалдық танытып, алдына келген науқастарға күрделі операция жасап жүр. Асқар 2020 жылы Қазақстанның арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасағымен Ливанға да барды. Онда 2 апта бойы Бейрут қаласында жарылыстан зардап шеккендерді емдеп қайтқан.

Асқар Маруфов, ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасары:

- Әскери дәрігер болғандықтан, алдымызға қарумен жараланған науқастар келеді. Ауыр жарақаттарға шұғыл операция жасайтын кездер болады. Соның бірі есіме түсіп тұр. Мен Ирак Республикасында да болғанмын. Сол кезде басына оқ тиген 7 жастағы қыз ес-түссіз жеткізілді. Шұғыл түрде қан құйып, операция жасап, аман алып қалдық.

Әскери медицина қызметкерлерін жауынгерлер көбінде «сенімді сақшы» деп атайды. Себебі олар – дәрігер ғана емес, айбынды әскери маман.  

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Мейрам Жүнісов.