Жетісайлық тұрғын жауынқұрт өсіріп, тыңайтқыш өндіреді

Жетісайлық тұрғын ауласында жауынқұрт өсіріп, ауыл шаруашылығына қажетті биогумус өндіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкер табиғи тыңайтқыштың арқасында бақша, көкөніс дақылдарынан мол өнім алуға болатынын айтады. Сонымен биогумусты қалай өндіруге болады? Артықшылығы қандай?

Қуанышбек Каюпов былтыр 2 млн 200 мың теңгеге 15 шаршы метр биогумус сатып алып, оны ауласындағы 240 шаршы метр жерге жайған. Сосын үстіне 30 камаз малдың қиын төккен. Қыстай қар астында жатқан тыңайтқыш қазір диқандардың іздеп жүріп, сатып алатын өніміне айналды. Жергілікті диқан Мырзақұл Исақов былтыр 10 гектар жоңышқаға биогумус пайдаланып көрген. Нәтижесі жақсы болған соң биыл тағы да қауын егуге алғанын айтады.

Мырзақұл Исақов, диқан:

- Биылға 2 шаршы метр алдым. Пайдаланып жатырмын. Нәтижесін көріп, ендігі жылға дайындамақшымын. Өзім қауын-қарбыз егемін. Жауынқұрт дей ме соны пайдаланып жатырмыз, содан биогумус шығады ғой. Өте жақсы нәтиже біріп жатыр. Осы ауылдың жігіттерінің бәрі қолға алып, қазір қызығушылық өте көп.

Қуанышбектің өзі де бұрын диқаншылықпен айналысқан. Жылда егін еге берген соң топырақтың құнары азайып, өнімнен береке кеткенін айтады. Сосын биогумус туралы естіп, табиғи тыңайтқыш өндіруге ден қойған. Оның айтуынша, биогумус – жауынқұрттың асқазанынан қорытылып шыққан таза табиғи тыңайтқыш. Оны арнайы ыдыстарға салып, қараңғы жерге сақтап қояды. Сонда құнарлылығы одан сайын арта түсетінін айтады.

Қуанышбек Каюпов, биогумус өндіруші:

- Құрамында фосфор бар, ол қараңғы жерде көбейеді. Фосфор көбейген сайын диқаншылыққа көп пайдасы тиеді. Биогумустың құрамында фосфор, азот, калий, кальций тағы да басқа дәрумендер бар. Химикат емес, бұл – қызыл калифорниялық жауынқұрттың асқазанынан өткен таза табиғи өнім.

Биогумус өндірушілердің айтуынша, тыңайтқыш шарты метрмен сатылады. 1 шаршы метрі 100 мың теңге тұрады. Мамандар 30 камаз қидан 10 камаз биогумус алуға болатынын айтады. Ал табиғи тыңайтқыш жаңадан егілген көшеттің тамырына күш беріп, өнімділікті екі есеге дейін арттырады.

Нұртас Тұрсынбеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Бұл таза органикалық тыңайтқыштардың бірі болып келеді. Қазіргі таңда бақша дақылдарын өсіруге өзінің пайдасын тигізіп жатыр. Жылдың басынан бері осы биогумусты шаруаларға қалай қолдану керек, қай кезде, қанша көлемде қолдану керек жөнінде семинар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізде жақсы қолға алынып келе жатыр,

Мамандар елімізде жауынқұрт өсірумен айналысатын кәсіпкерлердің саны 6 мыңнан асатынын айтады. Оның 3 мыңға жуығы Түркістан облысының азаматтары болса, 150-і – Жетісай ауданының тұрғындары.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.