Елордада «Отаным – аманатым» мерекелік концерті өтті

Мамыр айындағы мерекелерге орай елордада 160-тан астам іс-шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі 25 ауқымды шарамен атап өтіліп жатыр.

Патриоттық әндер елорда төрінде әуеледі. Қазақ өнерінің майталмандары заманауи әуендерін де шырқап, мамыражай демалыс күндерін мерекелік көңіл күймен көмкерді.

Ербол Шаланов, қала тұрғыны:

- Еліміздің тыныштығын қырағы қорғап отырған бүкіл әскерилерді осы кәсіби мерекесімен құттықтаймын және Жеңіс күнімен бүкіл ардагерлерді, еліміздің тәуелсіздігіне қызмет еткен, еліміздің тыныштығына қызмет еткен бүкіл азаматтарды құттықтаймын.

Ақбикеш, әнші, Turkvision халықаралық байқауының финалисі:

- Бүгін осынау болып жатқан мерекелік концертке ән айтуға келіп қалдым. Бүгінгі менің орындаған әндерім ол өзімнің авторлық әндерім. Жастарға арнап өзімнің кавер нұсқа ретінде «Махаббат» деген әнімді орындап шықтым, халықтың ықыласы өте керемет.

Бұл күндері зор құрмет ел қорғандарына, айбынды сарбаздарымыз бен күштік құрылым өкілдеріне арналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұндай шаралар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Жаңабай Мейірманқұлов, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы:

- Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылы Астана қаласының 25 жылдығы. Соған байланысты қала тұрғындары, қонақтары ашық аспан астындағы үлкен концерттерді сағынып қалды. Сондықтан алдағы уақытта да осындай концерттерді өткізетін боламыз. 

Отан қорғаушы күніне арналған концертті астаналықтар зор ықыласпен тамашалады. Ашық аспан алаңына 5 мыңнан астам адам жиналып, өнерпаздар 4 сағатқа жуық уақыт ән мен күйге бөледі.

Авторлары: Рухани Асқар, Нұрғали Мамырбаев.