Ұшқыш Салық Ахметов соғыста 400-ден астам жауынгерлік тапсырма орындаған

Салық Ахметов – Қазақтаннан шыққан алғашқы ұшқыштардың бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баянауылда дүниеге келген. Отандасымыз 1941 жылдан 1945 жылға дейін 400-ден астам жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындапты. Батырдың өмірі айшықты оқиғалар мен ерлікке  толы.

Салық Ахметов 1936 жылы Тамбов авиациялық училищесін бітірген. Қазақстанның азаматтық әуе күштерінде қызмет еткен. Соғыс басталғанда ұшқыш ретінде әскерге шақырылыпты. Батырдың өмірінен сыр шертетін құнды деректер облыстық мұрағатта сақталған.

Надежда Кубик, облыстық Мемлекеттік мұрағат басшысының орынбасары:

- Ең ауыр жағдайларда уақытпен санаспай жұмыс істеген. Майдан шебіне жүк тасымалдады, солдаттар мен оқ-дәрілерді жеткізді. Жаралы адамдарға дер кезінде көмек көрсету үшін донорлық қан тасыған.

Оған штаб пен майдан арасында байланыс орнату міндеті жүктелген. 20 жыл бойы соғыс ардагерлерінің өмірін зерттеп жүрген Надежда Кубиктің айтуынша әскери тапсырмалар өте қиын жағдайда жүзеге асқан.

Надежда Кубик, облыстық Мемлекеттік мұрағат басшысының орынбасары:

- Майдандастарының естелігінде ол тізгіндеген ұшақтың бірде-бір рет сынбағаны айтылады. Соққыдан жұлым-жұлымы шыққан әскери ұшақ үнемі көкте қалықтаған.

Кескілескен ұрыстардың бірінде жаудың ұшағымен бетпе-бет келіп, Салық Ахметов басқарған экипаж аман қалады. Соғыс қаһарманы 1941 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталыпты. Одан кейін де көптеген мемлекеттік наградаларға ие болады. Жеңісті Қиыр Шығыста қарсы алып,  азаматтық авиацияда қызметін ары қарай жалғастырады. Ол 12 типті ұшақты басқарып, бейбіт күнде 26 мың сағат ұшқан екен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.