Қостанай облысында жылу желілерінің әбден тозығы жеткен

Қостанай облысында жылыту жүйесінің шамамен 70%-і ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Жітіқара қаласындағы су жылытқыш қазандықтардың 85%-і тозып тұр. Рудныйдағы бу қазандықтары да жедел жөндеуді қажет етеді. Өткен жылу маусымында шаһарда құбыр жарылып, 4 коммуналдық апат болды. Салдарынан жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған еді.

Биыл аймақ бойынша желілерді жаңғыртуға 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.  

Алмат Ғапбасов, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұдан бөлек, биыл құны 20,3 млрд теңгеге тең 18 жобаға мемлекеттік сараптама жасалады. Бәрін келер жылы жүзеге асырсақ, тозған құбырлардың үлесі тағы 4%-ке кемиді. Рудный қаласында апатқа бейім 6 аумақты анықтадық. Ол жердегі 2 шақырым құбырды жөндеуге 970 млн теңге жұмсалады. Қаражат жергілікті қазынадан қарастырылады.